Қазқонақ ескерткішіне ұлттық игілік мәртебесі беріле ме
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Мәжіліс депутаттарының Павлодар облысындағы Қазқонақ табиғат ескерткішіне ұлттық игілік мәртебесін беру туралы сауалына жауап берді.
— Қазқонақ мемлекеттік табиғат ескерткіші Үкіметтің 2017 жылдың 26 қыркүйегіндегі № 593 қаулысымен республикалық маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтар тізіміне енгізілген және 2006 жылдың 28 қыркүйегіндегі № 932 Үкімет қаулысымен мемлекеттік табиғи-қорық қоры нысандарының тізіліміне қосылған. Қазақстан Республикасының «Ерекше қорғалатын табиғи аумақтар туралы» Заңына сәйкес, табиғат ескерткіші аумағында оның сақталуы мен қалпына келтірілуіне бағытталған іс-шаралар жүргізіледі. Бүгінде Экология және табиғи ресурстар министрлігі нысанның жағалау сызығын нығайту және күтіп-ұстау жұмыстарын жүргізу үшін ғылыми ұйымдардың есептеулеріне негізделген бюджет өтінімін қалыптастырып жатыр, — деді Үкімет басшысы.
Оның атап өтуінше, 2026 жылға арналған мемлекеттік бюджет қалыптастырылып қойған.
Сондықтан Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2027 жылға арналған бюджет өтінімін дайындау барысында ескерткішті сақтау жобасын әзірлеуге қаражат бөлуді көздеп отыр.
Осы жобаның негізінде кейінірек тиісті іс-шаралар қарастырылады.
— Қазқонақ табиғат ескерткішіне «Ғылыми табиғи нысан — ұлттық игілік» мәртебесін беру мәселесі 2026 жылдың бірінші тоқсанында қаралады. Тиісті тапсырмаларды бердім. Оның нәтижелері туралы қосымша ақпарат ерекше қорғалатын табиғи аумақтар саласындағы уәкілетті орган тарабынан жіберіледі. Бұл мәселе Үкімет пен Павлодар облысының әкімдігі бақылауында тұр, — деді Олжас Бектенов.
Айта кетейік, жер қойнауын пайдаланудың бірыңғай платформасы тек мемлекеттің меншігінде болады.