KAZ Minerals мамандары Павлодардағы колледж студенттеріне шеберлік тәлімін өткізді
ПАВЛОДАР. KAZINFORM – Қазақстандағы мыс өндіретін ірі компаниялардың бірі KAZ Minerals Bozshakol қызметкерлері Павлодар химия-механикалық колледжінің студенттеріне қонақ лекциясын оқыды. Мамандар құрғақ теорияның орнына өздерінің кәсіби тәжірибелерімен бөлісіп, студенттерге химиялық сараптау лаборантының жұмысы, заманауи құрылғыларымен жұмыс және нақты өндіріске қажет біліктілік туралы айтып берді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің тілшісі.
Дәріске жүзге жуық студент қатысты. Іс-шара KAZ Minerals компаниясы мен Павлодар химия-механикалық колледжінің арасында 2023 жылы бекітілген меморандум аясында өтті.
— Бізде алты мамандық бойынша 800 адам оқиды. Бірақ бюджетіміз шектеулі, сол себепті бізге әлеуметтік серіктестер, атап айтқанда — KAZ Minerals Bozshakol көмектеседі, — дейді ПХМК жетекшісі Иран Бектеміров.
Студенттермен кездесуде KAZ Minerals Bozshakol инженер-лаборанты Рүстем Садықов кеніш пен зертхана жұмысы туралы әңгімелеп берсе, басқару ісі бойынша нұсқаушы Салтанат Мұқышева ұстаздар үшін шеберлік тәлімін өткізді.
— Біздің басты өнім — мыс концентраты, сонымен қатар күміс, алтын және басқа да қоспаларды анықтаймыз. Біз барлық өндіріс кезеңін қатаң қадағалаймыз және жұмыста көбікті флотацияны қолданамыз, — деп атап өтті Рүстем Садықов.
Қонақ лекциялар Павлодар облысындағы білім беру ісін дамытуға салынған инвестицияның шағын бөлігі ғана. Компания көптеген бағдарламаларды жүзеге асыруда. Солардың бірі — оқу гранттарының бөлінуі. Соңғы алты жылда KAZ Minerals Bozshakol Торайғыров университеті мен Павлодар химия-механикалық колледжінің студенттеріне 10 мамандық үшін 20-дан аса грант бөлді. Гранттың жалпы сомасы 27,9 миллион теңге.
— Лекция қызықты, әрі пайдалы болды. Соның ішінде, жұмыс жағдай туралы ақпаратты атап өткім келеді, — дейді екінші курс студенті Самал Темірова.
Самал KAZ Minerals бөлген білім грантын алғандардың бірі. Оның келесі қадамы компания зертханасында ақылы жұмыс тәжірибесінен өту болмақ.
6 жыл ішінде «Тағылымдама» бағдарламасына Павлодар облысындағы жоғары және орта білім беретін оқу орындарының 211 студенті мен түлегі қатысты. Солардың ішінде 120 жас KAZ Minerals Bozshakol компаниясына жұмысқа тұрды.
— Әлеуметтік серіктестіктің арқасында біз дамып, жаңа мамандықтарды ашудамыз. Келесі жылы өңірде бірінші болып «Пайдалы қазбаларды байыту» мамандығына үміткерлерді ала бастаймыз, — дейді Иран Бектеміров.
KAZ Minerals Тобы «Супер-колледж» бағдарламасы бойынша Павлодар облысындағы жоғары және орта білім беретін оқу орындарында оқу бөлмелері мен зертханаларды жасақтау ісін қаржыландырды. Инвестицияның жалпы көлемі — 500 миллион теңге.