KAZ Minerals талантты жастарға инвестиция салып отыр

АСТАНА. KAZINFORM – Соңғы жеті жылда 120 студент «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС есебінен білім алды. Солардың ішінде 64 бала кәсіпорынға жақын орналасқан ауылдардан шыққан. Толығырақ Kazinform тілшісінің материалында.

Фото: KAZ Minerals

Мамандық таңдау – адамның жан тыныштығын, қаржылық әлеуетінің жоғары болуын қамтамасыз етіп, болашаққа сеніммен қарау тұрғысында шешу сәт саналады.

Жоғары сыныпта Әліби Жұмағазыновтың алдында қиын таңдау тұрды – ол не колледжде өзінің сүйікті кәсібіне үйренеді немесе өзі қаламаған мамандық үшін жоғары білім алуға тиіс еді. Әліби бала арманын жүзеге асыруға бел байлады.

Фото: KAZ Minerals

Мектеп бітіргеннен кейін Абай облысы, Аягөз ауданы, Ақтоғай ауылының тумасы Геологиялық барлау колледжіне оқуға түсті. Араға екі жыл салып ол химия-бактериологиялық сараптау лаборанты қызметіне кіріседі.

«Микробиология, химиялық реакциялар, минералдарға қызығушылығым Ақтоғай руднигіне арнайы шақырумен саяхаттап келгенде пайда болған еді. Содан кейін KAZ Minerals Тобының грант бөлетінін білдім. Кәсіпорын кеңсесіне келіп мамандармен сөйлескеннен кейін берілген мүмкіндікті пайдалануға бел будым», - дейді екінші курс студенті Әліби Жұмағазынов.

Фото: KAZ Minerals

Бүгінде кәсіпорын бөлген грант арқылы 7 студент колледжде «Табиғи ресурстарды қорғау және тиімді пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатыр.

«Қазақстандағы экологияға ерекше көңіл бөліне бастағанын ескере отырып бұл салаға басымдық беріледі. Біз ауыл түлектерінің мұндай қажет мамандыққа тегін оқытылып жатқанына қуаныштымыз», - дейді Геологиялық барлау колледжі директорының орынбасары Надежда Игнатенко.

2018 жылдан бастап KAZ Minerals Тобы орта және жоғары білімге арналған гранттар бөліп келеді. Аягөз ауданындағы 64 жасөспірім бұл мүмкіндікті ұтымды пайдаланды.

Фото: KAZ Minerals

Кәсіпорын студенттердің оқу, жатақхана және шәкіртақысын төлейді. Сонымен қатар кәсіби білім беру жүйесінің материалдық базасын жақсартып, Аягөз политехникалық колледжіндегі 50 студенттің стипендиясын қаржыландырады.

«Біздің мақсат – өзіміз жұмыс істейтін аймақ тұрғындарын қолдау. Грант бөлу кезінде кәсіпорынға жақын орналасқан Ақтоғай, Қопа, Таңсық ауылдарының абитуриенттеріне басымдық беріледі, және олардың білікті мамандардың жетекшілігімен өндірістік тәжірибеден өтуіне кепілдік бар», - дейді «KAZ Minerals Aktogay» ЖШС оқыту бөлімінің бастығы Жәнібек Ілиясов.

Диплом алған жас мамандарда кәсіпорында ақысы төленетін өндірістік тағылымдамадан өтуге, ол сәтті аяқталғанда негізгі қызмет бөлімдеріне ауысуға мүмкіндік бар.