Соттағы жауабында ол жұбайымен өткізген соңғы сағаттары, 8 қараша күнгі хат-хабарлары және оның Бірінші қалалық ауруханаға жеткізілгенін қалай білгені туралы айтып берді.
Әділет Зейнелдің айтуынша, сол кезде Ұлдана Мырзуан оның жұбайы болған. 8 қараша күні таңертең олар Қосшыдан бірге жұмысқа шыққан. Ұлдана Байқоңыр ауданындағы жедел жәрдем қосалқы станциясына күндізгі ауысымға фельдшер болып барған. Ал Әділет сол кезде өзі жұмыс істейтін Бірінші қалалық ауруханаға кезекшілікке кеткен.
Шамамен сағат 07:45-те екеуі де жұмыс орындарына жетіп, хат алмасуды жалғастырған. Сағат 08:00-де Әділет Зейнел жоспарлы отаға кірген.
– Сағат сегіз жарым шамасында жоспарлы отаны аяқтап шықтым. Хат алмасуды жалғастырдық. Ол бір шақыртуға бара жатқанын айтты. Мен де өз жұмысымды істей бердім, – деді қаза болған фельдшердің күйеуі.
Шамамен сағат 10:00-де Ұлдана күйеуіне қайта хабарласқан және бір жерде қасбет құлағанын және зардап шеккен адам Бірінші қалалық ауруханаға жеткізілуі мүмкін екенін жазған.
– Осыдан кейін сөйлеспей кеттік. Ол хабарлама жазуды тоқтатты, – деді Әділет Зейнел.
Шамамен сағат 10:50-де ер адамға аурухананың ішкі телефоны арқылы қоңырау шалып, жұбайының қабылдау бөлімінде жатқанын хабарлаған.
– «Жұбайың Бірінші қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде жатыр. Түсіп, оны танып шығуыңызға болады» деп айтты, – деді Әділет Зейнел.
Алғашында Ә. Зейнел сенгісі келмеген. Себебі бұған дейін жұбайымен хат алмасып отырған.
– Бірінші ойлағаным – бұл әзіл шығар деген ой болды. Өйткені ол маған бұған дейін жазған еді. Мен оған мән бермей, жұмысымды жалғастыра бердім, – деп түсіндірді жәбірленуші.
Сағат 10:55-те Әділетке өз анасы қоңырау шалған. Анасы да бұған дейін Бірінші қалалық аурухананың қабылдау бөлімінде жұмыс істеген және әріптестері Ұлдананың шокқа қарсы палатада жатқанын хабарлаған.
Осыдан кейін ол екінші қабаттағы операциялық блоктан бірінші қабатқа түсіп, қабылдау бөліміне барған.
– Оны таныдым да, «бұл менің әйелім» дедім. Өйткені оны ауруханаға белгісіз адам ретінде жеткізген. Мен оның Ұлдана Қалдарханқызы Мырзуан екенін айттым, – деді жәбірленуші.
Жәбірленуші Әділет Зейнелден жауап алу жалғасып жатыр.
Еске сала кетсек, фельдшер Ұлдана Мырзуан өліміне қатысты алғашқы сот отырысы 18 тамызда басталған еді.
Бұған дейін сот жаңа қорғаушының қылмыстық іс материалдарымен танысуға қосымша уақыт беру туралы өтінішін қанағаттандырмаған еді.
Сол себепті қорғау тарапы судья Меруерт Абаеваға қарсылық білдірді.