Қаза болған ҚазҰАУ студенті жатақханадан шығып, пәтер жалдамақ болған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда қаза болған ҚазҰАУ студентінің өліміне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі сот залынан.

Марқұмның әкесі Қайрат Нәбиев баласының соңғы кездері айтқан сөздерімен бөлісті.

«Балам шіркін екі ай өтсе екен, екінші курсқа көшсем, жатақханадан кетемін. Пәтер жалдаймын деп айтып жүретін. Одан басқа ештеңе айтпады. Жігіт қой. Соған қарап, әлімжеттік көрсеткен деп ойлаймын, Естіген бойда Астанадан 1 ұшақпен келдім. Алайда баламның денесін сараптама жүргіземіз деп ұзаққа дейін бермеді», - деді Қайрат Нәбиев.

Сотталушы Тойшыбек Асамовқа ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі (адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру), ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлігі (күштеп мүлкін тартып алу) бойынша айып тағылды. Айыптау актісін бүгін мемлекеттік айыптаушы Аслан Әділханов оқып берді.

Сотталушы Асамов өзіне тағылған айыптарды мойындамады.

Сондай-ақ, 1-курс студенттері жоғарғы курстағылардың өздеріне жасаған әлімжеттік әрекеттері туралы айтып берді.

Олардың айтуынша, 2-курс студенттері олардан жүйелі түрде ақша талап етіп отырған.

Айта кетейік, қайғылы оқиға 12 сәуірде ҚазҰАУ жатақханасында болған еді.  Бірінші және екінші курста оқитын оннан астам студент жатақханада төбелесіп, салдарынан 17 жастағы Дидар Болысбек қаза болған еді. Кейінірек полиция аталған оқу орнының 2-курсында оқитын 2 студентті ұстады. Сот алдында олардың біреуі ғана -  Тойшыбек Асамов жауап береді. Оған ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігі (адам денсаулығына қасақана ауыр нұқсан келтіру), ҚР ҚК 194-бабының 1-бөлігі (күштеп мүлкін тартып алу) бойынша айып тағылып отыр.