Ұшақ апатынан қаза тапқан Әзербайжан азаматтарының денесі Отанына жөнелтілді

АҚТАУ. KAZINFORM — 28 желтоқсан күні, сағат 23:30 шамасында Ақтаудан әуе апатында қаза тапқан 24 Әзербайжан азаматының (оның ішінде үшеуі экипаж мүшесі) денесі еліне жөнелтілді.

Фото: Маңғыстау облысы әкімдігі

Соңғы күндері қаза тапқандардың денелерін анықтау бойынша тынымсыз жұмыстар жүргізілді. Анықтау кезінде ДНҚ талдауы жүргізіліп, жақын туыстары қатысты.

Еске сала кетсек, 25 желтоқсан күні болған әуе апатынан 29 адам аман қалды. Оларға Мемлекет басшысының тапсырмасымен елордадан келген білікті мамандар сапалы медициналық көмек көрсетті.

Медициналық көмек алған Әзербайжанның 14 азаматы еліне оралды.

Маңғыстау облысының әкімдігі жергілікті атқарушы орган өкілдері апаттан зардап шеккендердің және қаза тапқандардың отбасыларына жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын мәлім етті.

Ақтау маңында ұшақ апатынан қаза тапқан 24 адамның денесі бүгін Бакуге жеткізілетінін жазған болатынбыз.