«Қазаэронавигация» басшысы кеңесшісінің үстінен тексеру жүріп жатыр

Фото: Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет үйіндегі баспасөз мәслихатында «Қазаэронавигация» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны басшысы кеңесшісінің үстінен тексеру жүріп жатқанын мәлім етті. 

— «Қазаэрронавигация» мекемесінің бас директорына 70 жастағы Фаат Богдашкин есімді адам тағайындалғанын Телеграмм-арналар қызу талқылаған болатын. Сол адамның өзіне кеңесші етіп 65 жастағы адамды тағайындағаны белгілі болды. Неге «Қазаэрронавигация» мекемесіне зейнеткерлерді жинап жатырсыздар, — деп сұрады журналист.

Көлік министрі Фаат Богдашкин басшылық қызметке конкурс арқылы келгенін алға тартты.

— Фаат Богдашкин негізі өте жақсы маман. Ол конкурстан өтті. Содан кейін біз оны осы орынға тағайындадық. Кеңесшісі туралы ақпарат шыққаны рас. Біз ол бойынша ішкі тексеріс өткізіп жатырмыз, — деді Нұрлан Сауранбаев.

— Ал бас директордың лауазымына неге дәл осы 70 жастан асқан адам іріктеп алынды. Бізде сонда одан басқа аэронавигация саласын меңгерген маман жоқ па, — деп нақтылады БАҚ өкілі.

Министр бұл шешім Фаат Богдашкиннің мол тәжірибесін ескеріп қабылдағанын айтады.

— Ол конкурстық комиссияға байланысты ғой. Богдашкин өте керемет маман. Сол жерде сатылап өсіп, бірнеше жыл бойы бас директордың бірінші орынбасары болып келе жатқан. Қазір ол жерде аэронавигацияның бүкіл техникасын жаңалау керек. Соны жақсы түсінетін осы кісі. Ол жағынан алғанда шешім дұрыс. Ал кеңесшісі туралы тексеріс өткізіп жатырмыз. Заң бойынша Фаат Богдашкин кеңесшісін өзі алады. Бірақ ол жерде басқа ақпараттар шығып жатыр ғой. Бұрынғы қызметінде заңсыздықтар болғаны туралы мәліметті тексеріп жатырмыз, — деді Нұрлан Сауранбаев.

Бұған дейін Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан аспанынан қанша табыс тауып отырғанын мәлім еткен еді