Қазаэронавигация Қазақстан аспанынан қанша табыс тауып отыр
АСТАНА. KAZINFORM – Көлік министрлігі Kazinform сауалына жолдаған жауапта «Қазаэронавигация» республикалық мемлекеттік кәсіпорны Қазақстан аспанынан қанша табыс тауып отырғанын мәлім етті.
- Соңғы 10 жылда «Қазаэронавигация» РМК мемлекеттік бюджетке 67 млрд 494 млн 940 мың теңге аударған. Ал соңғы 5 жылда 39 млрд 686 млн 86 мың теңге аударды. 2023 жылы «Қазаэронавигация» РМК мемлекеттік бюджетке 38 млрд 636 млн 459 мың теңге аударғанын атап өтеміз. Соңғы 10 жылдағы «Қазаэронавигация» РМК-ның Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде әуе қозғалысына аэронавигациялық қызмет көрсету бойынша түскен табысы - 870 млрд 127 млн 389 мың теңге, - деп жазылған жауапта.
Оның ішінде шығыстар - 527 млрд 916 млн 53 мың теңге, корпоративтік табыс салығы - 78 млрд 815 млн 48 мың теңге, тапқан таза пайдасы - 263 млрд 396 млн 288 мың теңге екені көрсетілген.
- Соңғы 5 жылда «Қазаэронавигация» РМК-ның Қазақстан Республикасының әуе кеңістігінде әуе қозғалысына аэронавигациялық қызмет көрсету бойынша түскен табысы - 559 млрд 102 млн 509 мың теңге. 2023 жылы «Қазаэронавигация» РМК-ның қызметінен түскен кіріс 184 млрд 63 млн 55 мың теңге болды. Оның ішінде шығыстар - 87 млрд 670 млн 671 мың теңге, корпоративтік табыс салығы - 19 млрд 119 млн 465 мың теңге, пайда - 77 млрд 272 млн 919 мың теңге, - делінген ресми мәліметте.
Сондай-ақ жауапта кәсіпорынның шығыстары Қазақстанның әуе кеңістігінде аэронавигациялық қызмет көрсетуден түскен өз қаражаты есебінен қаржыландырылатыны айтылған.
Айта кету керек, кәсіпорын мынандай қызметтер ұсынумен айналысады:
- Қазақстанның әуе кеңістігінде және әуеайлақ аудандарында әуе қозғалысын жоспарлау және оған қызмет көрсету;
- Ұшуды және ұшу кезіндегі байланыс қызметтерін радиотехникалық тұрғыдан сүйемелдеу;
- Қазақстанның әуе кеңістігін пайдаланушыларға аэронавигациялық ақпарат ұсыну;
- Ұшу қауіпсіздігін басқару;
- Авиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету;
- Ұшуды метеорологиялық тұрғыдан сүйемелдеу;
- Азаматтық авиация саласы жұмыскерлерін бастапқы даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру;
- Авиамедициналық қызмет, азаматтық авиация саласының авиациялық персоналын куәландыру.