«ҚазАгро» агроөнеркәсіп кешені саласында 320,4 млрд. теңгенің 528 жобасын қаржыландырады

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» ұлттық холдингінің инвестициялық қоржынында агроөнеркәсіп кешені саласында жалпы құны 320,4 млрд. теңгенің 528 инвестициялық жобасы қамтылып отыр. Бұл туралы ұлттық холдингтің баспасөз қызметінен хабарланды.

«Жобаларды пайдалануға беру кезеңінде 16 мыңға тарта жұмыс орны құрылады деп жоспарланған. Ал бүгінгі кезеңге дейін жалпы құны 262,3 млрд. теңгенің 453 инвестициялық жобасы қаржыландырылды және пайдалануға берілді. Осының нәтижесінде 14 мың жұмыс орны құрылды», - делінген баспасөз баянында.
«ҚазАгро» Ұлттық холдингінің Павлодар облысының аграрлық сала кешенін қаржыландыруы туралы ақпараттарға сүйенсек, 2015 жылдың қорытындысы бойынша өңірдегі ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдауға 11,7 млрд.теңге бағытталған. Бұл республика бойынша холдинг тарапынан бөлінген жалпы соманың 3,7 пайызын құрайды.
«ҚазАгроның» инвестициялық қоржынында Павлодар облысы бойынша жалпы құны 18,9 млрд.теңгенің 46 жобасы бар. Оның ішінде 17 млрд. теңгенің 38 жобасы пайдалануға беріліп, 1,5 мың жұмыс орнын құрылды. 2015 жылы жиынтық құны 7,8 млрд. теңгенің 10 жобасы іске қосылды және 567 жұмыс орны ашылды», - делінген баспасөз баянында.
Айта кетерлігі, өткен жылдың көктемгі-егіс жұмыстарын жүргізуді қолдау шеңберінде Павлодар облысы бойынша 1,5 млрд.теңге сомасына 200 өтінім қолдау тапқан. Сонымен қатар, 4,3 млрд. теңгеге 390 бірлік ауылшаруашылық техникасын сатып алу туралы шарт жасалған. Сондай-ақ, 2015 жылы «ҚазАгро» холдингінің еншілес компанияларымен Павлодар облысында 1 млрд. теңгеден асатын сомаға 12 несие серіктестіктері қаржыландырылды. Жалпы, республика бойынша осы кезең ішінде 20,1 млрд.теңгеге 137 несие серіктестігіне қолдау жасалған.