Басқарушы холдинг құрған бағдарлама Қазақстандағы ауыл шаруашылығы бағытындағы қараусыз қалған жерлерді айналымға енгізуге түрткі болуы керек. Бұл бастама Ақмола облысындағы шаруа қожалықтарында қолға алынды, деп хабарлайды «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ баспасөз қызметі.
«Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» РМК / МемжерҒӨО/ мәліметтері бойынша 2012-2013 жылдары республиканың ауыл шаруашылығына арналған 90 млн. гектар жердің 61,2 млн. гектары немесе 65,9%-ы инвентаризацияланды. Жүргізілген инвентаризация барысында 5 млн. гектар алқаптың ауыл шаруашылығына арналған 12,0 мың гектары қараусыз қалғандығы анықталды, оның ішінде 669,9 мың гектары - егістік, соның 14,6 мың гектары - суармалы. МемжерҒӨО мәліметтеріне сәйкес, қараусыз қалған 2,5 млн. гектар жер шамасының негізгі аумағы шаруалар мен фермерлік шаруашылықтардың иеленуінде.
Ауылдықтардың жер алқаптарын мақсат бойынша қолданбауының бірнеше себептері бар. Ең бастысы - ауыл шаруашылық техникасының жоқтығы немесе жетіспеушілігі және қаржыландыруға қол жеткізу үшін өтімді кепілзат мәселесі. Ереже бойынша қараусыз қалған жерлер мемлекет меншігіне қайтарылып, ал жер иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. «ҚазАгроның» «Есіл» ӘКК қатысуымен жүзеге асырылған ілкі жобасы шаруашылықтарға өз жерлерін сақтап қана қоймай, сонымен қатар жақсы егін өнімдерін алуға мүмкіндік береді.
Ілкі жобаны іске асыру шеңберінде бүгінгі күні Ақмола облысындағы Зеренді ауданы алқаптарында механикалық және химиялық өңдеу жұмыстары жүргізілуде. Аталмыш облыс қараусыз қалған жерлері көп (937,1 га) аймақтардың бірі екендігін атап өткен жөн.