«ҚазАгро» холдингі биылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 86,1 млрд. теңге бағыттайды - Премьер-Министрдің орынбасары

АСТАНА. Наурыздың 9-ы. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - «ҚазАгро» холдингі биылғы көктемгі егіс жұмыстарын қаржыландыруға 86,1 млрд. теңге бағыттайды. Бүгін ҚР Парламенті Сенатында өткен «Өңір» депутаттық тобының отырысы барысында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Өмірзақ Шөкеев осылай мәлім етті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз сөзінде Ө. Шөкеев республика өңірлері үшін аса маңызды болып табылатын бірқатар мәселелерге тоқталып өтті. Оның айтуынша, жұртшылықты жанар-жағармайдың барлық түрлерімен қолжетімді баға бойынша қамтамасыз ету және мұнай өнімдеріне орнықты бағаны қалыптастыру Үкіметтің басты шаруаларының бірі болып табылады.

«Үкімет мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерінің айналымы мен өніміне мемлекеттік реттеу мәселесі бойынша қағидатты шешімдер қабылдады. Бұл жөніндегі заң жобасы Парламентке ұсынылды. Бүгінгі күні агроөнеркәсіп кешенінде мемлекеттік қолдаудың тұтастай жүйесі тиімді жүргізіліп отыр. Мемлекет есебінен тұқымдарды сұрыптау, дизельдік отынның құнын арзандату, минералды тыңайтқыштар және далалық суармалы жерлер қызметтерін қолдау секілді бірқатар кешенді шаралар жүзеге асуда. Сонымен бірге, қазіргі таңда ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер мемлекеттік астық сатып алуға, далалық жиын-терім жұмыстарына, техника лизингіне қатысты кредиттік ресурстарды иелене алады», деді Ө. Шөкеев.

Оның айтуынша, 2010-2012 жылдары агроөнеркәсіп кешендерінің басым міндеттерін шешу мақсатында «ҚазАгро» ұлттық холдингіне республикалық бюджеттен 80 млрд. теңге бөлінген. «Бұдан бөлек, ағымдағы жылғы шілденің 1-іне дейін «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы 500 млн. теңге бөлу жоспарланған. Бұл шағын тауар өндірушілерге жолданатын болады. Оның шарттары бойынша кредиттеу мерзімі 2 жылға есептеледі, заем сомасы 3 млн.-нан аспайды. Бұл шағын ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін холдинг тарапынан әзірленген жаңа бағдарлама болып отыр. Осылайша, биылғы көктемгі егіс жұмыстарына «ҚазАгро» холдингінің жалпы қаржыландыру сомасы 86,1 млрд. теңгені құрайды», деді Ө. Шөкеев.