Бүгін Сенаттың жалпы отырысында депутат Қуаныш Айтаханов осылай мәлім етті.
«ҰБ төрағасы еліміздегі ауыл шаурашылығы банкінің үш рет банкротқа ұшырағаны туралы айтып өтті. Иә бұл солай, дегенмен ол кезең біздің экономикамыздың құлдырап, тоқырауға түскен кезең еді. 2008 жылдағы дағдарыстың өзінде де алпауыт банктеріміз тоқырауға ұшырап тозып кете жаздады. Оларды мемлекеттік қолдау арқасында түзеп алдық», - деді Қуаныш Айтаханов.
Сонымен қоса сенатор ауыл шаруашылығын қаржыландыру өндірістің басқа салаларын қаржыландырудан ерекше екенін атап өтті. Өйткені, ауыл шаруашылығының нысаны - тірі организмдер, өсімдіктер мен жануарлар. Екіншіден бұл табиғатқа, климатқа тікелей байланысты. Үшіншіден, ауыл шаруашылығы өнімдері тез бұзылып, тез өңдеуді керек етеді. Төртіншіден, ауыл шаруашылығы тауарлары баға арқылы халқымыздың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Бесіншіден, ауыл шаруашылығының қаржылық және өндірістік мерзімі бір-бірімен сәйкес келмейді. Өндірістік мерзім егіс себуден басталып, өнімді жинаумен аяқталса, қаржылық мерзім бұдан ұзағырақ.
«Екінші деңгейлі банктер шаруаларға несие беру үшін кепілдікке олардың жері мен ғимараттарын техникаларын алудан бас тартады. Бүгінгі күні екінші деңгейлі банктердің протфелінде олардың ауыл шаруашылығына бағыттаған несие көлемі жыл сайын төмендеп, ол бүгінгі таңда небәрі 3,6 пайызды ғана құрайды. Ал «ҚазАгро» холдингі арқылы берілетін несиелер тауар өндірушілерінің 5-6 пайызын ғана құрайды, оның өзінде де тек қана ірі шаруашылықтарға беріледі. Сондықтан да, агроөнеркәсіп кешенін күшейтудің негізгі бағыттарының бірі ретінде «ҚазАгро» холдингінің қаржы институттарының негізінде ауыл шаруашылығы банкін құру керек деп ойлаймын», - деді сенатор Қ. Айтаханов.
Оның айтуынша, ауылда республика халқының 46 пайызы тұрады. Ал банк клиенттерінің саны 1 млн.-нан асады.
«Кеден одағында Ресей мен Беларусь елінде шаруалардың жері мен мүлкін кепілдікке алып, ұзақ мерзімге арзан несие беретін бөлімшелері аудандар мен қалаларда орналасқан агробанктер қызмет етеді. Олай болса біздің де ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерінің бәсекеге қабілетті болуы үшін осындай жағдай жасалуы шарт. Әлемнің 90 елінде ауыл шаурашылығы банкісі жұмыс істейді. Оның ішінде, АҚШ, Германия, Түркия, ыранция елдерінде дәл осындай банктер бар. Сондықтан ад, біз де шаруаларға жағдай жасайтын, екінші деңгейлі банктер секілді жұмыс істейтін банк болуы шарт. Алайда, оның ерекшелігі пайыздық ставкаларды мемлекет есебінен төмендету үшін субсидия бөлуге тиіспіз», - деді Қ. Айтаханов.