«Жекешелендіру жайында тоқталатын болсақ, қазіргі уақытта Үкіметпен бәсекелес ортаға беруге жататын компаниялардың тізімін бекіту пысықталып, жоспарлануда. Жеке секторға беруге алдын-ала қарастырылған Холдингтің төрт еншілес компаниясының тізіміне «ҚазАгроҚаржы», «Азық-түлік корпорациясы», «ҚазАгроӨнім» және «Қазагромаркетинг» еніп отыр. Бүгінде бұл компаниялар құрылған кезіндегі белгіленген өз міндеттерін жүзеге асыра алды», - деді Н. Малелов.
Оның сөзіне қарағанда, «ҚазАгроҚаржы» АҚ көпбейінді қаржы институтынан лизинг компаниясына реформаланатын болады. Ол Ұлттық қордың қаражатын пайдаланатын инвестициялық қоржыннан босатылады және бизнес-процестер құрады. Осылайша Холдинг ҚазАгроҚаржыны бәсекелес ортаға өткізеді.
«2016 жылдан бастап Қазақстан Республикасының заңнамасынан «мемлекеттік астық ресурстары» деген түсінік алып тасталады, тиісінше, «Азық-түлік корпорациясы» ҰК» АҚ мемлекеттік астық ресурстарын басқару агентінің қызметін атқармайтын болады. Аталған функциядан айырылғаннан кейін, Азық-түлік корпорациясы астық нарығындағы көптеген астық трейдерлерінің бірі болып қалады және осыған сәйкес оны бәсекелес ортаға беру орынды болады», - деді басқарма төрағасы.
Сонымен қатар, «Қазагромаркетинг» АҚ және «ҚазАгроӨнім» АҚ да бәсекелес ортаға беріледі, бұл өз кезегінде мемлекеттің ақпараттық-кеңес беру қызметіне және мал шаруашылығы өнімдерін сату нарығына қатысуын қысқартады.