«ҚазАгро» холдингінің жиынтық несие қоржыны 800 млрд. теңгені құрайды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» холдингінің жиынтық несие қоржыны шамамен 800 млрд. теңгені құрайды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Нұрлыбек Малелов мәлім етті.

«Фермерлердің қаржыландыруға қол жетімділігін қамтамасыз ету бөлігінде, қазіргі уақытта Холдингтің жиынтық несие қоржыны шамамен 800 млрд. теңгені құрайтынын айта кету қажет. Бұл еліміздегі барлық банк жүйесінің ауылшаруашылық секторын қаржыландыру көлемінен артық. Холдингпен түрлі салалық бағыттар мен агробизнестің қажеттілігіне бейімделген 40-тан астам несие өнімдері іске асырылуда. Қарыз алушылардың жалпы саны 47 мың ауылшаруашылық тауарын өндірушілерден асады. Несиелеу көлеміндегі шағын және орта бизнестің (ШОБ) үлесі 87 пайызды құрайды. Қаржыландырумен еліміздің барлық аудандары қамтылды», - деді Н. Малелов.

Оның сөзіне қарағанда, соңғы бес жыл ішінде Холдинг компаниясы тобының аграрлық секторды қаржыландыру көлемі 60 пайызға өсті. Осы ретте 24 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды. Холдингтің қаржыландыруы есебінен 90 мыңнан астам жұмыс орындары қамтылып, сақталды.

Холдинг мәліметіне қарағанда, ауыл шаруашылығы техникасының 5 бірлігінің 4-еуін фермерлер ҚазАгроҚаржы арқылы сатып алуда (нарықтағы үлесі 78%) және ауыл тұрғындары алатын 10 шағын несиенің 9-ын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры арқылы алады (нарықтағы үлесі 94%).