«Kazagro/Kazfarm-2022» көрмесіне әлемнің 20-дан астам елі қатысады

АСТАНА. ҚазАқпарат – 12-14 қазан аралығында өтетін «Kazagro/Kazfarm-2022» көрмесіне әлемнің 20-дан астам елі қатысады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрмені ұйымдастырушы ExpoGroup компаниясының директоры Шолпан Қожабаеваның айтуына қарағанда, шараға әлемнің 20-дан астам елінен өкілдер қатысады.

«Орталық Азия аумағындағы ең үлкен көрмелердің бірі болайын деп тұр. Біздің ExpoGroup компаниясы Қырғызстан, Өзбекстан елдерінде де көрмелер ұйымдастырып жүр. Солармен салыстырып, бұл көрмені аймақтағы ең ірі көрмелердің бірі деп ауыз толтырып айтуға болады.

Көрме аумағы 20 000 шаршы метрден асады. Көрме екі бағытта өтеді. Бірінші «Kazagro» бағыты бойынша өсімдік шаруашылығына тұқымнан бастап ұнға дейінгі бүкіл цикл көрсетіледі. Осы саладағы бүкіл сұрақтарға осы көрмеден жауап табуға болады», - деді ол орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде.

Оның айтуынша, көрменің екінші бағытын ұйымдастыруға көп күш жұмсалып жатыр.

«Екінші «Kazfarm» бағыты бойынша мал шаруашылығына арналады. Бұл жыл сайын өтіп келеді. Оны ұйымдастырудың өз қиындықтары бар. Себебі тірі экспонаттар әкелу оңай емес. Себебі шаруалар үшін өрістегі немесе қорадағы малын Астанаға әкеп, қайтадан әкету машақатты процес. Бұл бағыт жасанды ұрықтандырудан бастап, дастархандағы стейкке дейінгі аралықтағы процестердің бәрі көрмеде паш етіледі», - деді Шолпан Қожабаева.