«Жекешелендіру экономикалық бәсекелестікке ынталандырады. Бүгінде тұрақты экономикалық өсімге жету үшін ішкі ресурстарды барынша тиімді пайдаланған дұрыс. Бұл үшін екі тиімді құралды пайдалануымыз керек. Біріншісі, жаппай жекешелендіру құралы, екіншісі, бәсекелестікті кеңейту тәсілі. Жалпы, бүгін экономиканың өсуіне не кедергі болып отыр? Ең бірінші кедергі - өте үлкен мемлекеттік сектор. Бүгінде, Қазақстанның 7 мыңнан аса кәсіпорны мемлекеттік секторға тиесілі. Олардың пайдасы бар ма, жоқ па, бәрі бір... «Самұрық-Қазынаның» холдингтері, «ҚазАгро» холдингі өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығының орасан зор активтерін тиімсіз бақылауда ұстап отыр. «Самұрық-Қазына» қорының активтері жалпы ішкі өнімнің 40 пайызын құрайды. Оның үстіне, қордың 500-ден аса еншілес кәсіпорындары бар. Өзіне еншілес ұйымдар ашып қоймай, сол компаниялардың ішінен тағы да еншілес ұйымдар ашқан. «ҚазАгро» мен «Бәйтерек» холдингтері бюджет пен банк арасындағы тиімсіз делдалға айналып кеткен. Осының барлығы шағын кәсіпорындар мен еншілес ұйымдардың бюджет қаржысын оңды-солды жұмсауына соқтырды. Таяқтың бір ұшы инвестициялар мен жаңа бастамаларға тиіп, оларды нарықтан шеттетіп отыр»,-деді Елбасы.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы бүгін Үкіметке мемлекеттік меншіктегі барлық ұйымдарды, соның ішінде «Самұрық-Қазына», «Бәйтерек», «ҚазАгро» холдингтерінің барлық ұйымдарын қамтитын жаңа жекешелендіру бағдарламасын әзірлеуді тапсырды.