Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде холдинг басқарма басшысының міндетін атқарушы Дәурен Мақажанов айтты
«Қазіргі кезде холдингтің шығындарын оңтайландыру жұмысына басты назар аударылуда. Өзіміздің корпоративтік орталығымызда штаттық бірліктерді қысқартуды, шығындарды 200 миллион теңгеге азайтуды жоспарлап отырмыз. Бұдан бөлек, біз Жекешелендіру бағдарламасының екінші толқыны бойынша профильді емес активтерімізді бәсекелестік ортаға ортаға беруді де жоспарлаудамыз. Бұл шара да біздің шығындарымызды шамамен 500 млн. теңгеге дейін азайтады», - деп түсіндірді Д. Мақажанов.
Оның айтуынша, орта мерзімді болашақта шығындарды оңтайландыру шаралары жалғасын табады.
«Бірінші кезекте біз еншілес компанияларымыздың бір-бірінің қызметтерін қайталауын болдырмаймыз. Сату және қаржыландыру арналарына екінші деңгейлі банктер мен жекеменшік лизингтік компанияларды белсенді түрде тартамыз. Бізде бұрын да сауықтыру бағдарламасы бойынша қорландыру тәжірибесі болған. Қазір жаңа жобаларды несиелеу бойынша келісімдерге келіп жатырмыз, оның ішінде көктемді егіс науқанын жүргізу жұмыстары да бар», - деп түсіндірді Д. Мақажанов.
«ҚазАгро» ҰБХ» АҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметтер бойынша, профильдік емес активтерді шығару 2015 жылы Холдингтің 559 млн. теңгені үнемдеп қалуына мүмкіндік береді.