«ҚазАгро» ҰБХ ауыл шаруашылығы кешені субъектілерін қаржылық сауықтыру бойынша өтінімдерді қабылдауды бастады

АСТАНА. 13 қыркүйек. ҚазАқпарат - «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі ауыл шаруашылық кешені субъектілерін қаржылық сауықтыру бойынша шаралар аясында қаржылық институттардың өтінімдерін қабылдауды бастады.

Бұл туралы «КазАгро» ҰБХ баспасөз қызметінен хабарлады.

Қаржылық сауықтыруға айналым қаражатын толықтыру, құрылыс-монтаждық жұмыстарды қоса алғандағы негізгі құрал жабдықтарды алуға, ауыл шаруашылық, арнайы техниканы және технологиялық жабдықтарды иеленуге қарызгердің 2013 жылдың 1 қаңтарына дейін туындаған несиелік лизингтік міндеттемелері жатады.

Сауықтыру келесі шараларды қамтиды: қаржылық институттардағы ауыл шаруашылығы кешені субъектілерінің міндеттемелері бойынша сыйақы мөлшерлемесін олардың субсидиялау есебінен жылдық 7 %-ға дейін төмендету; 9 жылдан артық емес мерзімдегі несиені қайтару мерзімін ұзарту; қолдағы қарызды өтеудің жеңілдетілген шарттары және т.б.

Қаржылық сауықтыру шараларын жүзеге асыру үшін қаржылық институттар «ҚазАгро» Холдингі» АҚ қаражатын тартуына немесе басқа да қорландыру көздерін пайдалануына болады.

Еске салар болсақ, «Агробизнес -2020» бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында 2013 жылдың мамыр айында мерзімі 10 жылға, жылдық 4,625% ставкасы бойынша сомасы 1 млрд. АҚШ долларына «ҚазАгро» Холдингі» АҚ еурооблигация шығарылымын дебютті орналастыру өткен еді.