«ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингі 24 750 теңге/тонна бағамен 3 миллион тоннаға дейінгі көлемде астық сатып алмақ

АСТАНА.  Тамыздың  21-і. ҚазАқпарат - 2009 жылғы    шілденің 1-і мен 2010 жылғы   шілденің 30-ы аралығын қамтитын  ағымдағы маркетингілік жылдың басы Қазақстанның ішкі нарығында астық өндірісінің ұлғаюымен, әлемдік баға мен астыққа сұраныстың төмендеуімен, сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің екінші деңгейдегі банктер беретін несиеге қол жеткізудегі  проблемалардың сақталуымен  сипатталып отыр,


деп    хабарлайды «ҚазАгро» Ұлттық холдингі»   акционерлік  қоғамының   баспасөз қызметінен.

Осындай жағдайлар ішкі нарықтағы бағаның төмендеуі мен демпингінің  және агроөнеркәсіптік кешен  субъектілерінің қаржылық жағдайының нашарлауының себебі болуы мүмкін. Бұл өз кезегінде астықты төмен бағамен республикадан сыртқа шығаруға, оның тапшылығы мен кейіннен бидайдың,  ұн мен нан-тоқаш өнімдерінің  бағасының күрт өсіп кетуіне  соқтыруы мүмкін.

 Осыған байланысты тамыздың 20-сында өткен  экономиканы тұрақтандыру жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысында «ҚазАгро» ұлттық басқарушы холдингінің  еншілес компаниясы - «Азық-түлік келісім-шарт корпорациясы» ҰК» АҚ  24 750 теңге (165 $) бағамен 3 миллион тоннаға дейінгі  III сыныпты жұмсақ сұрыпты бидай  сатып алуды жүзеге асыруы туралы шешім қабылданды.

 Осындай бағаны белгілеу отандық ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге  кіріс деңгейін сақтауға мүмкіндік береді, қазақстандық экспортшылардың астықты экспорттау көлеміне шектеу шараларын енгізбей-ақ мемлекеттік реттеудің тиімділігін арттырады, осының есебінен елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажет ішкі нарықтағы астық көлемінің қомақты деңгейі сақталатын болады, сондай-ақ қазақстан астығының экспорттық ұстанымының сақталуына ықпал етеді.     

 Сатып алудың шарттары мен параметрлері кейінірек жарияланатын болады.