ҚазАгро ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыруын жалғастыра береді - Д. Мақажанов

АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгінде «ҚазАгро» АҚ инвестициялық қоржынына жалпы құны 309 млрд теңгені құрайтын 477 жоба кіреді. Жаңа жұмыс орындарын құру мақсатында ұзақ мерзімді инвестициялық жобаларды қаржыландыру жалғаса береді.

Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде «ҚазАгро» Ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасының м.а. Дәурен Мақажанов айтты.

«Біз инвестициялық бағдарламаларды одан әрі жалғастыра береміз, ал бүгінде «ҚазАгро» АҚ инвестициялық қоржынына жалпы құны 309 млрд теңгені құрайтын 477 жоба кіреді. Олардың ішінен 365 жоба іске қосылып, 236-сы 70 пайыздық жүктемемен жұмыс істеу қуатына жетті. Біз бұдан әрі де ұзақ мерзімді жобаларды қаржыландыруды жалғастыра береміз, өйткені олар жаңа жұмыс орындарын құруға мүмкіндік береді», - дейді ол.

Д. Мақажановтың айтуынша, биыл басты назар агроөнеркәсіп кешенін (АӨК) қаржыландыру қарқынын бәсеңдетпеуге бағытталады.

«Былтыр біз аталған секторды 222 млрд теңгеге қаржыландырдық. Биыл капитал нарығында қалыптасқан қиын жағдайға қарамастан, АӨК-ні қаржыландыру қарқынын бәсеңдетпеуге тырысамыз, тіпті мүмкін болса, қаржыландыруды молайта түсеміз», - деп атап өтті Д. Мақажанов.