«KazAgroTrade» жобасы StartUP battle байқауында 1 млн теңге жеңіп алды - Павлодар

Фото: None
  АСТАНА. ҚазАқпарат  - С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде шекаралас ынтымақтастықтың «Бірлік - Единство. KZ» халықаралық жастар форумы өтті. 

Университеттің баспасөз қызметі мәлім еткендей, форум жұмысына Мәскеу, Омбы, Новосібір, Томбы, Алтай өңірі, Коми Республикасы және Қазақстан облыстарының өкілдері қатысты.

 Бұдан өзге, шараға Оңтүстік Корей, Қытай, Тәжікстан, Қырғызстан, Моңғолия, Өзбекстан, Әзірбайжан елдерінің студенттері, жастар ұйымдарының өкілдері мен жас кәсіпкерлер де келді, деп хабарлайды pavlodarnews.kz .

 Форум барысында көпшілік назарына университет стартап академиясының жас кәсіпкерлерінің жобалар көрмесі ұсынылды. Олардың қатарында белгілі жобалар: «Alau», «Rimmini», «Tafella», сондай-ақ, жаңа жобалар қатарында: «QR-ГИД» алғашқы қала бойынша интербелсенді жолсілтеуші, «ITHOUSE» инновациялық оқу орталығы, «Ловец снов» тәулік бойғы асхана, «Самал» бейімделу орталығы балаларының «Преодоление» жобасы аясында жасаған қолөнер бұйымдары. «ХXI ғасырдағы этникааралық дипломатия: жаңа шақыртулар, жаңа үрдістер» пленарлық отырысында қатысушылар алдында Павлодар облысы әкімінің орынбасары Мейрам Бегентаев сөз сөйледі. Президент Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Леонид Прокопенконың айтуынша, қарым-қатынасқа қаржыдан бөлек, Қазақстандағы қуатты экономикалық актив - бейбітшілік пен түсіністік сынды құндылықтарды да салу қажет. Тель-Авив университетінің (Израиль) бизнес-инкубаторының директоры Елена Донец әлеуметтік-бағдарлы кәсіпкерлік турасында ой қозғағанда, кәсіп тек қаражат көзі ғана емес, ол технологиялық дамуға өз септігін тигізіп, қоғамға пайда әкелуді көздеуі тиіс екенін айтты. Плеханов атындағы РЭУ (Мәскеу қ.) бизнес-инкубаторының басшысы Руслан Мамедовтың баяндамасы болашақтағы мамандықтар турасында болды. Оның мәлімдеуінше, болашақта орын алатын жасанды интеллектінің дамуын ескере отырып, ертеңгі күні немен бәсекелес болатынымызды бүгін ойлағанымыз дұрыс.

 Форумның ресми бөлімі соңында С. Торайғыров атындағы ПМУ ректорының м.а., ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Нұрлан Ержанов «Бірлік - Единство. Kz» өтпелі кубогін Қазақстан Республикасының «Дустлик» өзбек қауымдастығының жастар қанатының басшысы Шерзод Пулатовқа табыстады. Ал StartUP battle жобалар байқауында бір миллион теңгені С. Торайғыров атындағы ПМУ-нің магистранты Әлфараби Ұзақ жеңіп алды. - Біз Қазақстанның ауыл шаруашылығы тауарөндірушілерін біріктіретін электрондық кооперация платформасы болатын «KazAgroTrade» жобасын жасадық. Клиент сайтта тапсырыс береді, бұл тапсырыс бірден өндірушілерге смс-хабарлама ретінде жөнелтіледі. Онда қажетті тауар, көлемі және байланыстар көрсетіледі, - дейді байқау жеңімпазы. Әлфараби жеңіп алған қаражатты жобаның техникалық қамсыздануын жетілдіру жұмыстарына жұмсамақ. 

Соңғы жаңалықтар