«Сара Тастанбекқызы қазақ әдебиеті тарихында өшпес із қалдырған өз заманының шәйір ақыны. Ал Біржан мен Сара айтысы бүгінде қыз бен жігіт айтысының қайталанбас үлгісіне, қазақ өнерінің рухани мұрасына айналған. Бұл жинаққа ақын Сараның өлеңдері мен айтыстары, сонымен қатар өнерпаз қыздың өнері мен өмір жолын арқау еткен мақалалар, естелік әңгімелер, ақын өнеріне бас иген ақындардың өлең-жырлары топтастырылды», - дейді жобаның жетекшісі әрі идея авторы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, жазушы Шәрбану Бейсенова.
«Негізі ол қазіргі ақындарша өз өлеңдерін жазып қалдырмаған, кезі келгенде ауызша айтқан, солай таратқан. Соған кезінде бір жырында «Қағазға жалғыз сөзім түспеген соң, Ұмтылып қалар Сара құр аңыз боп» деп наласын да айтқан екен. Сол сөзі бізге қатты әсер етті. Сол кісінің өлеңдерін жинастырып, бүгінгі оқырманға танытуды өзімізге мақсат тұттық», - деп атап өтті ол.
Тұсаукесер рәсімге ақын-жазушылар, Парламент депутаттары, белгілі зиялы қауым өкілдері қатысты.
Сара Тастанбекқызы (1878-1916) - айтыскер ақын. Туған жері - қазіргі Алматы облысының Қапал ауданы. Сара Тастанбекқызының Біржан салмен айтысы ғасырдан ғасырға үзілмей жалғасып келе жатқан қазақтың айтыс өнерінің шоқтығы биік, көркем үлгісі болып саналады. Ақынның бұл айтыстан басқа «Жүрек», «Ашындым», «Арсалаң аға алдында», «Жүрек сыры», « Жайлауда», « Әбіштің аруағына», « Хош бол, елім» секілді көптеген өлеңдері мен «Тұзақ» атты дастаны бар.