1925 жылы - агенттік аты ҚазРОСТ болып өзгертілді. 1937 жылы - ҚазТАГ деген атпен Қазақ КСР Министрлер Кеңесінің қарауына берілді. 1997 жылы қыркүйектің 10-ында Қазақстан Республикасы Президентінің №3629 Жарлығымен «Қазақ ақпарат агенттігі (ҚазААГ)» республикалық қазыналық кәсіпорны болып өзгертілді. 2002 жылы қарашаның 8-інде, Қазақстан Республикасы Үкіметінің №1186 қаулысына сәйкес ҚазААГ негізінде «Қазақ ақпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы («ҚазАқпарат» ҰК) құрылды. 2008 жылы шілденің 3-інде Қазақстан Республикасы Үкіметінің №668 қаулысына сәйкес «Арна Медиа» Ұлттық ақпараттық холдингі» акционерлік қоғамының құрамына кірді.
Әр жылдары агенттіктің басшылары болғандар: ҚазТАГ-тың бірінші басшыларының бірі Вятич-Кириллов Аркадий Иванович; журналист, қоғам қайраткері Қасым Шәріпов; жазушы, қоғам қайраткері Кәкімжан Қазыбаев; жазушы, филология ғылымының докторы, қоғам қайраткері Жұмағали Ысмағұлов; еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, қоғам қайраткері, Амангелді Ахметәлімов; Парламенттің ақпараттық-сараптамалық орталығының бастамашысы және авторы Мұрат Әренов; «Мир» мемлекетаралық телерадиокомпаниясының негізін қалаушы, Халықаралық журналистика академигі, ҚР Парламенті Мәжілісінің үшінші шақырылым депутаты Ғаділбек Шалахметов; мемлекет және қоғам қайраткері, доцент, философия ғылымдарының кандидаты Омаров Жанай Сейітжанұлы. Қазақ ақпарат агенттігінде әр жылдары еліміздің: Н.Оразбек, Ж.Түменбаев, А.Ротмистровский, Б.Аманғалиев, Н.Ыдырысов, В.Черкизов, С.Машаков, О.Еркімбаев, Н.Савицкая, Т.Дәулетов, Т.Есілбаев, А.Шағалақов және тағы басқа танымал журналистері, Т.Чапала, В.Венгловский, Г.Кошкинцев, Р.Дүйсенғалиев, И.Будневич секілді фотоқызмет шеберлері жұмыс істеді. «Қазақ ақпарат агенттігі (Қазақпарат)» Ұлттық компаниясы - бұл акциялар топтамасы 100% мемлекетке тиесілі ашық акционерлік қоғам.
Бүгінгі таңда компанияның 110-ға жуық қызметкері бар. Қазіргі уақытта «ҚазАқпарат агенттігі» Ұлттық компаниясы» Акционерлік қоғамы басқармасын Дияров Дәурен Кеңесұлы басқарады. 2005 жылдың қаңтар айында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев сайлаудан кейін «Қазақпарат» ҰК» АҚ-ның кеңсесінде болды. «ҚазАқпарат агенттігі» жоғары билік буындарындағы тағайындаулар мен өзгертулер, президент жарлықтары мен үкімет қаулылары жөнінде мейлінше дәл ресми ақпарат беріп, республиканың барлық облыстарының экономикалық, мәдени ең соңғы жаңалықтарын ұсынады. Қазақстан, Орталық Азия, Еуразия Экономикалық қауымдастық, ТМД және Балтық жағалауы елдері жаңалықтары қазақ, орыс тілдерінде, Қазақстан мен Орталық Азия жаңалықтары ағылшын тілінде жедел таратылып тұрады.
ҚазАқпарат - АТААҰ (Азия және Тынық мұхит елдерінің ақпарат агенттіктері ұйымы), ТААҰ (Түркі елдері ақпарат агенттіктері ұйымы) сияқты халықаралық қауымдастықтардың мүшесі. ҚазАқпарат - РАТА-ТАСС, «Жаңалықтар» РАА, Синьхуа, Би-Би-Си, Кабар, БелТА, УкрИнформ сияқты ақпарат агенттіктердің серіктесі. Бүгінде агенттік ТМД аумағында жұмыс істейтін 527 жаңалықтар веб-сайты рейтингінде алдыңғы қатарларға шығып отыр. «ҚазАқпарат» Қазақстандағы ең ірі және таралымы жоғары ақпарат агенттігі болып табылады. Елдің барлық облыстарында, Астана, Алматы, Ақтау, Атырау, Байқоңыр, Қарағанды, Қостанай, Қызылорда, Павлодар, Петропавл, Тараз, Талдықорған, Орал, Өскемен және Шымкент қалаларында меншікті тілшілері бар. Республикамызға стратегиялық маңызы бар таяу және алыс шетелдердің астаналары мен қалаларында - Нью-Йорк, Мәскеу, Бейжің, Брюссель, Ташкент, Бішкек және Санкт-Петербор мен Түменде арнайы тілшілер жұмыс істейді. Агенттік шет елдердегі тілшілер желісін одан әрі кеңейтуді жоспарлап отыр. «ҚазАқпарат» жаңалықтары агенттіктің - www.inform.kz, www.nkkazinform.kz, www.kazinform.kz - веб-сайттары арқылы қазақ, орыс, ағылшын және араб тілдерінде таратылады. Сонымен қатар қазақ тіліндегі жаңалықтар академик Ә.Қайдар әдісі нұсқасы негізінде латын қаріптерімен де беріледі. Осының арқасында шет елдерде тұратын және кирил әрпін білмейтін қандастарымыз өздерінің тарихи отандарында болып жатқан оқиғалардан хабардар болу мүмкіндігіне ие. Сонымен қатар ағылшын тіліндегі сайтты пайдаланушы елдердің қатарында Венгрия, Бельгия, Франция, Түркия, Польша, Нидерланд, Украина, Қырғызстан, Жапония, Сингапур, Израиль, Австрия және тағы да басқа мемлекеттер бар.
«ҚазАқпарат» ҰК» АҚ-ның негізгі ақпараттық өнімдері, жаңалықтар таспасы, сатып алушыларға жіберілетін негізгі ақпараттық топтамалар: «Таңғы жаршы», «Ресми жаршы», «ҚазАқпарат», «Қазақстан-бизнес», «ҚазАқпарат-анонс», «ҚазАқпарат-фото» фотожаңалықтар таспасы, «Атаулы күндер. Оқиғалар, Есімдер» ақпараттық күнтізбесі.
Қазіргі уақытта ҚазАқпараттың www.foto.inform.kz фотосайты жұмыс істейді. www.foto.inform.kz қызметінің негізгі бағыты - фотоөнімдерді дистанциялық сату.
ҚазАқпарат бүгінде On-line режимінде қазақ, орыс, ағылшын және араб тіліндегі қазақстандық және әлемдік жаңалықтардың шұғыл, обьективті және эксклюзивті таспасы. Қазақстан Республикасының Президент Әкімшілігі, Үкімет, Мәжіліс, аумақтық мемлекеттік органдар, ұлттық қаржылық және өнеркәсіптік құрылымдар сияқты - мемлекеттік құрылымдардың қызметі туралы толық және нақты ақпарат беріп отырады.
Қазақстанның барлық аймақтарының, Орталық Азияның және әлемдік қауымдастықтың әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси өмірінің барлық салалары бойынша анық та сарапталған нақты ақпараттар береді.
Агенттіктің орталық кеңсесі Астана қаласында орналасқан.
«ҚазАқпараттың» Алматыдағы филиалы ірі мегаполистің, еліміздің қаржы және мәдени орталығының тіршілігінен жедел ақпарат беретін тәжірибелі журналистермен қамтылған.