АСТАНА. KAZINFORM — Аустралияда өтіп жатқан United Sup турнирінде Қазақстан құрамасы Германияны жеңіп, жартылай финалға жолдама алды.
Екінші жекелей сында Германиядан әлемнің 2-ракеткасы Александр Зверев ойнамай қалды да, оның орнына рейтингіде 254-орындағы Даниэль Мазур шықты.
Д.Мазур бірінші партияда Александр Шевченкодан 7:6 (7:5) есебімен басым түсті.
Дегенмен осыдан кейін қазақстандық теннисші камбэк жасай білді — 6:2, 6; 2.
Екі сағат 15 минутқа созылған тартысты матчта Шевченко 11 эйспен бірге 12 брейк-пойнттың бесеуін пайдаланды. Мазур 4 эйс, 1 брейкпен (5 брейк-пойнт) шектелді.
Осылайша, есеп 2:0 болып, Қазақстан құрамасы өткен жылғы чемпионнан айласын асырып, алғаш рет жартылай финалға шықты.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Елена Рыбакинаның Германиямен матчта Қазақстанды алға шығарғанын жазған болатынбыз.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).