Қазақ әлсіресе - алауыздықтан әлсіреген, күшейсе - бірлікпен күшейген - Мемлекет басшысы

АСТАНА. 14 желтоқсан. ҚазАқпарат - Қазақ әлсіресе - алауыздықтан әлсіреген, күшейсе - бірлікпен күшейген. Бүгін Тәуелсіздік күні мерекесі салтанатына арналған жиында Қазақстан халқына Жолдау арнаған Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлім етті.

«Бірлігі бар ел озады, бірлігі жоқ ел тозады» деген атам қазақ. Бұл - тарих заңы. Сондықтан да қазақтың бірлігі - еліміздің кілті, ең басты мәселесі. Ел бірлігі - ең асыл қасиет», - деді Мемлекет басшысы.

Президенттің айтуынша, бірлік, ынтымақ, сабырлылық пен парасаттылық - ең алдымен, өзімізге - қазақ халқына қажет.

«Қазақты еш уақытта сырттан жау алған емес, қазақ әлсіресе - алауыздықтан әлсіреген, күшейсе бірлікпен күшейген. Үйдің берекесі қабырғасының қиюымен емес, теңінің жиюымен, отбасындағы сыйластық пен татулықпен келеді. Мемлекет те солай», - деп түйіндеді өз сөзін Елбасы.