Қазақ әні Қытайда трендке айналды

Фото: Фото: Видеодан алынған скрин

АСТАНА.KAZINFORM — Қазақстандық әнші Рахымжан Жақайымның «Сен маған массың» әні қытайлық Douyin (TikTok) әлеуметтік желісінде трендке айналды. 

Қазақстандық әншінің әндерін қытайлық әнші блогерлер орындап қана қоймай, тұрғындар кешкі серуенде көңіл көтеріп биге басты. Douyin желісіндегі видеолар тез арада танымал болып, Қытай көлемінде трендке айналды. Сонымен қатар әнді би үйретумен айналысатын блогерлер кеңінен пайдаланып жатыр.

Желідегі пікірлерде барлығы әннің жағымды ырғағына жоғары баға беріп, әнді Қытай тілінде орындауды сұрап жатыр.

— Әннің мағнасын түсінбесем де ырғағы қатты ұнады. Видеодағы би өте үйлесім тапқан екен. Бимен қатар осы әнді де үйренгім келеді, — деп жазды Юун ханым.

Қытайлық «Джай ағай» лақап атымен танымал әнші блогер Қазақ әнінде өзгеше тартымдылық бар екенін айтты.

— Қазақ әндерінде ерекше тартымды күш бар. Көңілді болсын, мұңды болсын ән әуелеген сәтте жүрегіңді сезім билейді. Бұл күш соншалықты әсер етеді, сіз оған қарсы тұра алмайсыз. Қазақша сөйлемесем де, қазақ әндерін ұнататын себебім осы болар, — деп жазды әнші.

Осыған дейін хабарлағанымыздай, Тибетте шырқалған «Фарида» әні 10 млн қаралым жинады.