Қазақ астығы үшін қандай жаңа нарықтар ашылды

Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігінен

АСТАНА. KAZINFORM – 2025 жылдың 9 айында 7,3 млн тонна астық экспортқа шығарылды. Бұл туралы Мәжілістің Аграрлық мәселелер комитетінде астықты тасымалдаудың өзекті мәселелеріне арналған отырыста Көлік вице-министрі Жәнібек Тайжанов айтты.

- Өткен жылы (2024 жылдың қыркүйегі мен 2025 жылдың тамыз аралығы) астық тасымалдау табысты болды. Атап атйқанда, сол кезеңде тасымал көлемі 13,3 млн тоннадан асып, 45 пайызға артты. Осы жылдың 9 айында 9,6 млн тонна астық тасымалданды. Өсім өткен жылдың 9 айымен салыстырғанда 40 пайызға артқан. Оның ішінде экспорт – 7,3 млн тонна, республика ішінде – 2,2 млн тонна, - деді вице-министр.

Оның айтуынша, астық экспортының негізгі бағыттарында оң қарқын байқалады. Мәселен, Қытай бағытында астық көлемінің төмендеуіне қарамастан, ұн көлемі 2,2 млн тоннаға жетіп, 4,6 есеге ұлғайды. 

- Бұл өңдеушілер қосылған құны жоғары өнім шығаруды арттыра түскенін дәлелдейді. Сонымен қатар Орталық Азия елдеріне тасымал көлемінің 34 пайызға артқаны байқалады. Ақтау порты арқылы Иран бағытына да тасымал жанданып, 3,3 есе артты. Ауғанстанға 40 пайызға өсім көрсетті. Ресей аумағына және осы ел арқылы экспорт 4,2 есеге көбейді. Әзербайжанға да артты, - деп түсіндірді спикер.

Балтық маңы елдері және порттары арқылы экспорт 14 есеге, Ресейдің Балтық және Қара теңіз порттары арқылы 1,4 есеге ұлғайды. Африка бағытында – Марокко, Алжир, сонымен қатар Вьетнам мен ЕО елдеріне жаңа нарықтар ашылды.

Айта кетейік, елімізде қазіргі таңда 25,9 млн тонна астық бастырылды.