Қазақ астығын Парсы шығанағы елдеріне жеткізу жолдары пысықталып жатыр

Фото: Midjourney

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Вьетнамға астықтың сынақ партиясын жеткізіп жатыр. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігінен мәлім етті.

- Қазақстанның ауыл шаруашылығында негізінен бидай, арпа, жүгері, қарақұмық сияқты дәнді дақылдар басым. Жалпы, Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайлары ауыл шаруашылығы дақылдарының кең ауқымын өсіруге мүмкіндік береді. Мемлекет басшысының ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемін 2 есеге арттыру жөніндегі тапсырмасын орындау бойынша жол картасы аясында министрлік егіс алқаптарының құрылымын әртараптандыру жұмысын жүргізіп жатыр. Әртараптандырудың негізгі міндеті – бидай монокультурасының, сондай-ақ су көп қажет ететін дақылдардың (күріш, мақта) алқаптарын оңтайландыру және баламалы, жоғары рентабельді дақылдардың (майлы, көкөніс-бақша, азықтық және т.б.) көлемін ұлғайту, - деді ведомстводан.

Жалпы, әртараптандыру бойынша қабылданып жатқан шаралар мемлекеттік қолдау көлемін арттыру, салаларға заманауи технологияларды енгізумен бірге өндіріс көлемін арттыруға, өсімдік шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын жақсартуға, өнімді қайта өңдеу кәсіпорындарының өндірістік қуаттарын жүктеуге және оларды отандық шикізатпен қамтамасыз етуге, жемшөп базасын нығайтуға алғышарттар жасайды. Мысалы, биыл майлы дақылдардың алқабы 2024 жылмен салыстырғанда 495,3 мың гектарға, дәндік жүгері алқабы 7,4 мың гектарға ұлғайды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғастырылады.

Фото: ҚР АШМ

Сондай-ақ ведомство Қазақстан астығының экспорт географиясы әлемнің 45-тен астам елін қамтитынын атап өтеді. Бұл ретте Орталық Азия, Ауғанстан, Иран, Түркия, Қытай және ЕО елдері дәстүрлі өткізу нарықтары саналады.

- Мемлекеттік қолдау шараларының арқасында жаңа нарықтар ашылуда. Атап айтқанда. Норвегия мен Ұлыбританияға алғаш рет жеткізілімдер жүзеге асырылды. Сондай-ақ, 15 жылда алғаш рет Солтүстік Африка елдеріне, атап айтқанда Марокко мен Мысырға жеткізілімдер қайта жанданды. Қазақстан астығының тұрақты экспорттық бағытын қалыптастыру перспективасымен Парсы шығанағы елдеріне (БАӘ, Оман, Қатар) логистикалық маршруттар пысықталып жатыр. Сондай-ақ Вьетнамға астықтың сынақ партиясын жеткізу жүргізілуде, - деді министрліктен.

2024-2025 жылдардың қыркүйек–шілде айларында астық пен ұнның астық эквивалентіндегі экспорты 12,4 млн тоннаны құрады. Бұл 2023/2024 жылғы осындай кезеңмен салыстырғанда 34 пайызға (9,3 млн тонна) жоғары.