Қазақ әйелдерінің саяси белсенділігі көзге түседі - Германия сарапшысы

АСТАНА. 3 сәуір. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Қазақ әйелдерінің саяси белсенділігі көзге түседі.

Бүгін, 3 сәуір күні елімізде өтіп жатқан ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына қатысты Астанада ұйымдастырылған брифингте халықаралық бақылаушы, Германияның «Р.Люксембург атындағы қордың» бейбітшілік жөніндегі сарапшысы Вольфганг Грабовский сайлау барысынан осындай пікірде қалғандығын атап көрсетті.

«Сайлау үдерісі мәдениетті, ашық әрі өте жақсы өткізілуде. Дауыс берушілердің арасында әйелдер мен жастардың қатары көп. Әсіресе, қазақ әйелдерінің саяси белсенділігі көзге түседі»,-деді неміс бақылаушысы.

Оның айтуынша, Қазақстанның адам құқықтары жөніндегі заңнамасы, сайлау туралы заңдары халықаралық заңнамалардан еш кем емес. «Сайлау бақылауына келмес бұрын мен Қазақстанның Конституциясы мен Сайлау туралы заңын жіті оқып шықтым. Мұндағы заңдық қағидаттар, меніңше халықаралық талаптарға сай»,-деді ол.