Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген бұл туындының сценарийін жазғандар - Смағұл Елубай, Ерлан Нұрмағамбетов, Бегарыс Елубай. Қоюшы суретшісі - Айтжамал Тастамбекова, композиторы - Еділ Құсайынов, атқарушы продюсері Әсел Ержанова. Онда басты рөлдерді Санұржан Сүлейменов, Жәнел Әлікова, Жүрсін Ерман және тағы басқа актерлар сомдайды. Фильм қаладан жазғы демалыс кезінде құмда түйе бағатын атасына келген Қамбар деген бала туралы. Ол мұнда аңшылықтың қыр-сырын үйреніп, кейін көрші қыз Самалдың жетім лағын жеп кеткен көкшолақ қасқырдың соңына түсіп, оны атып алады.
«12 жасымда 19-20 жастағы ағаммен бірге қарындасымның лағын жеп кеткен қасқырдан кек алу үшін ізіне түскен едік. Атқан кезде қансырап үңгірге кіріп өлген қасқырды апанынан алып шығуды ағам оның ішіне өзі сыймайтын болған соң маған жүктеді. Онда өзге қасқырлардың бар-жоғын білмесек те мен ағама қорқам деп айта алмадым. Үрейленсем де оны алып шықтым. Балалық шақтан бастан өткізген бұл әсерімді мен кейін осы фильм желісіне арқау еттім», - дейді С. Елубай. Оның айтуынша, бұл сценарийдегі оның алға қойған мақсаты адам өз бойындағы үрейді еңсерген кезде өзге қиындықтың бәрін де жеңе алатынын көрсету. Бұл режиссерлердің алғашқы туындысы болғандықтан тұңғыш рет оның түсірілімі мен жарыққа шығуына дейінгі барлық үдеріске қатысқан. Бұл кинодраматургтың қазақ кино өнеріндегі 7-інші картинасы болып отыр. Фильм бүгіннен бастап қала кинотеатрларында жалпы көрермен қауымның назарына ұсынылмақ.