Қазақ боксшылары Странджа турнирінен тағы 1 алтын 3 күміс медаль жеңіп алды
АСТАНА. KAZINFORM - Болгария астанасында өтіп жатқан бокстан халықаралық «Странджа кубогында» қазақ боксшылары тағы 1 алтын 3 күміс медаль жеңіп алды.
Нақтырақ айтсақ, ерлер арасында 71 келі салмақта қос бірдей қазақстандық боксшы финалда алтын жүлдені сарапқа салды. Аталған салмақ дәрежесінде Абылайхан Жүсіпов пен Фарух Тоқтасынов өзара мықтыны анықтады. Нәтижесінде Абылайхан жеңіске жетіп чемпион атанса, Тоқтасынов күміс жүлдені қанжығасына байлады.
Сонымен қатар, ерлер арасында 80 келі салмақта тағы бір отандасымыз Ерасыл Жақпеков Өзбекстан боксшысы Фазлиддин Еркінбоевпен алтын медалді сарапқа салып, өкінішке қарай төрешілер шешімімен қарсыласына жол берді.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін Төрехан Сабырхан мен Ертуған Зейнуллинов «Странджа-2025» турнирінің чемпионы атанды.
Сондай-ақ, тағы екі боксшымыз күміс жүлдеген қол жеткізді.
Ал әйелдер боксынан отандастарымыз 1 алтын, 6 күміс, 8 қола медаль жеңіп алды.