Осыған орай кеше елордада баспасөз мәслихатын өткізген фильмнің режиссері Асқар Ұзабаевтың айтуынша, көркем фильмдегі басты рөлдерге бекітілген 21-23 жас аралығында жігіттер кәсіби актерлер емес. Олар елімізде өткізілген кастинг арқылы іріктелген. Тәжірибелі актерлермен қатар бокс өнерінде аты әлемге танылған Серік Қонақбаев, Ермахан Ыбырайымов сынды спортшыларды да тартуды жоспарлап отырғандықтарын жасырмаған режиссер әзірше фильмге танымал былғары қолғап шеберлерінен нақты кімдердің түсетіндігін құпия сақтауды жөн көріпті.
Белгілі бір спортшының өмірбаянына емес, шаршы алаңның шаңын шығарып, дүбірлі додаларда зор жетістікке жеткен барша қазақ спортшыларының жиынтық образынан туындайтын фильмді түсіру жұмыстары елімізбен қатар Германия, Франция сынды бірқатар Еуропа мемлекеттерінде де жүргізілмек. Бүгінде елорда төрінде өтіп жатқан бокстан жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатын да тиімді пайдалануды көздеген түсіруші топ «Қазақстан» спорт кешенінде фильмнің кейбір көріністерін түсіруді қолға алмақ.
А.Ұзабаевтың атап өтуінше, фильм 2012 жылдың қаңтар айында толығымен түсіріліп бітпек.
Қысқаша сюжетіне тоқталар болсақ, базарда жүк тасып, күнін көріп жүрген жас жігіт ара-тұра жасырын төбелес алаңдарына шығып жүреді. Кезекті оның төбелесін көріп, дарынын байқаған бір менеджер оны қол астына алады. Маңызды кездесулердің бірінің қарсаңында ауыр жарақат алған бас кейіпкерге бірқатар қауіпті ота жасалады. Осылайша шым-шытырық өрбіген фильм соңында ол спортта зор табысқа жетіп, махабатта да жолы болады.