Қазақ боксының негізін қалаушы Ш.Бөлтекұлы мен қазақтың тұңғыш балерина-бишісі Н.Тапалованың ескерткіш бейіті ашылады

Фото: None
АСТАНА. Маусымның 14-і. ҚазАқпарат - Шілденің 17-інде, қазақ боксының негізін қалаушы, тұңғыш спорт шебері Шоқыр Бөлтекұлы мен оның зайыбы Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, қазақтың тұңғыш балерина-бишісі Нұрсұлу Тапалованың ескерткіш бейіті ашылады.

Бұл ақпаратты Маңғыстау облыстық бокс федерациясы таратып отыр.

«2010 жылдың 17 шілдесінде Алматы қаласындағы Кеңсай зиратында марқұмдар Шоқыр Бөлтекұлы мен оның зайыбы Нұрсұлу Тапалованың басына тұрғызылған ескерткіш-бейіттің ашылу рәсімі өтеді. Бейіт басына ел спорты мен өнерінің қайраткерлері, жанашырлары, БАҚ өкілдері жиылып, марқұмдарды еске алып, құран бағыштайды. Одан соң халқымыздың қос жұлдызының әруағына арнап ас беріледі», делінген баспасөз хабарламасында.

Ш.Бөлтекұлы 1916 жылы Маңғыстау облысында дүниеге келген. Бокспен студент кезінде шұғылдана бастаған ол қазақ жерінде әуесқой боксты үйретуді ең бірінші қолға алған ұстаз. Қазақ боксының атасы атанған Ш.Бөлтекұлы - ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, КСРО спорт шебері атанған тұңғыш қазақ.

Қазіргі таңда Шоқыр Бөлтекұлының есімін құрметтеу мақсатындағы бірқатар шаралар іске асырылуда. Оның атындағы халықаралық турнир дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келеді. Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданының орталығында Ш.Бөлтекұлының атындағы спорт кешені салынса, Ақтау қаласында боксшылар клубы құрылды.

Нұрсұлу Тапалова 1923 жылы Ақтөбе облысында дүниеге келген. 11 жасында академик Ахмет Жұбановтың қамқорлығымен Алматыға білім іздеп келіп, ұлттық билерді нақышына келтіре орындайтын мамандардан тәлім-тәрбие алған. Н.Тапалова қазақ, қырғыз, өзбек, армян, испан, орыс және тағы басқа да ұлттардың билерін өз деңгейінде, биік талғаммен орындаушы бола білді. Дүниежүзіне танымал балет дүлдүлдері Галина Уланова мен Майя Плисецкаялармен бірге 40-шы жылдары Абай атындағы академиялық опера және балет театрының сахнасында «Бақшасарай бұрқағы» спектаклінде өнер көрсетіп, ұлттық хореографияның қалыптасып-дамуына зор үлес қосты.

Соңғы жаңалықтар