Бүгін елордада өткізілген баспасөз мәслихаты барысында қауымдастық өкілдері аталған энциклопедияның тұсауын кесті. ҚБҚ-ның Атқарушы директоры Данияр Әбілғазиннің атап өткеніндей, аталмыш естелік басылым АИБА өкілдеріне, шетел қонақтары мен делегаттарына, чемпионат қатысушыларына, қазақстандық бокс жанкүйерлері мен БАҚ өкілдеріне тарту етіледі.
«Қазақстанның бокс федерациясы арнайы жастар арасында болатын бокстан Әлем чемпионаты қарсаңында қазақстандық бокстың жетістіктері энциклопедиясын шығарды. Бұл екінші басылым. Чемпионаттан соң, шамамен 30 шілде - 1 тамыз күндері Халықаралық әуесқой бокс қауымдастығының Атқарушы комитеті өзінің отырысын өткізеді. Сол кезде осы кітап Атқарушы комитеттің барлық мүшелеріне, бокс сүйер қауымға таратылады», - дейді ол.
Сонымен қатар ҚБҚ осы шараға әдейілеп қазақстандық бокстың жарық жұлдыздары мен Астана қаласы туралы 2 фильм түсірген.
Еске сала кетейік, 23-30 шілде аралығында Астанада жастар арасында бокстан Әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 50 елінен 500-ге тарта қатысушысы келеді деп күтілуде.