Тарихшы Азамат Бекболатұлы қазақ қоғамындағы неке мен ажырасу дәстүрінің ертеден болғанын айтады. Соның ішінде некені бұзуды ер ғана емес, әйел де талап ете алды дейді. Антикалық грек тарихшылары Геродот пен Ктесий еңбектерінде сақ қоғамындағы ерлер мен әйелдердің қоғамдық өмірге бірге араласқанын, әйелдердің ерлермен бірдей атқа мініп, соғысқа қатысқанын жазған. Тарихшының пайымдауынша, мұндай сипаттамалар көшпенділер қоғамында әйелдердің орны жоғары болғанын аңғартады.
Сақ патшайымы Зарина туралы парсы деректерінде де некені бұзу мәселесіне қатысты оқиға кездеседі. Тарихшының айтуынша, күйеуі қайтыс болғаннан кейін Зарина парфиялық билеуші Мәрмерге тұрмысқа шыққан. Алайда кейін саяси және экономикалық қайшылықтарға байланысты ажырасуды талап еткені туралы мәлімет бар.
Сақтар тек екі себеппен ажыраса алған
Сарапшының сөзінше, әйел де, ер де ажырасуды талап ете алғанымен, нақты себеп болуы тиіс. Нақтырақ айтқанда, әйелдер екі себеппен, ал ерлер бір ғана себеппен некені бұза алады дейді.
— Грек жазба деректерінде сақ-скиф қоғамында ажырасуға негіз болатын екі себеп көрсетіледі. Біріншісі — ерлі-зайыптының опасыздығы. Екіншісі — ер адамның денсаулығына, соның ішінде ұрпақ сүйе алмауына байланысты жағдай, — деді Азамат Бекболатұлы.
Бірақ әйел бала көтере алмаса да, күйеуі одан бас тарта алмайды. Ондай жағдайда ер адамға екінші әйел алу мәселесі қарастырылған екен.
Әйелдер ажырасуды талап ете алған ба
Тарихшы көне Қытай жылнамаларындағы мәліметтерге де назар аударады. «Ханьшу» жылнамасында ғұн әйелдерінің еркіндігіне қатысты деректер кездеседі. Ғұн әйелдері өзіне қатысты зорлық немесе әділетсіздік жасалған жағдайда некені бұзуға құқығы болған екен.
Маманның пікірінше, кеңестік кезеңде дәстүрлі қазақ қоғамының тарихы біржақты сипатталып, әйелдердін кемсітетін, құқығын төмендететін халық ретінде көрсетіліп келді. Соның ішінде «әйелдер ажырасу құқығына ие болмады» деген пікірлер болғанын айтады.
Ал көне деректер көшпенділер қоғамында әйелдердің орны жоғары болғанын дәлелдейді.
Ажырасу — екі адамның емес, екі рудың мәселесі
Дәстүрлі қазақ қоғамында неке екі жастың отау құруымен ғана шектелмеген. Ол екі әулеттің, кейде екі рудың арасындағы байланысты нығайтатын әлеуметтік әрі экономикалық одақ саналған. Сондықтан некені бұзу туралы шешім қабылдағанда, ерлі-зайыптының жеке қалауы ғана емес, екі жақтың да мүддесі ескерілген.
Тарихшының айтуынша, ажырасу мәселесі туындаған жағдайда әулеттің үлкендері мен беделді адамдары араласып, екі жасты татуластыруға тырысады. Оған да көнбесе, дауды билер сотына жеткізген. Ал билер шешімді дала заңдарына, соның ішінде Қасым ханның қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы және Тәуке ханның «Жеті жарғы» заңдар жинағына сүйеніп шығарады. Кеңес дәуіріне дейін осы тәртіп сақталыпты.
Бекболатұлының түсіндіруінше, әйелдің кінәсінен неке бұзылса, оның төркіні қалың малды қайтаруға міндеттелген. Кей жағдайда қарсы тараптың талабы бойынша қосымша айып та салынуы мүмкін болған.
Ал ажырасуға күйеуі кінәлі болса, қалың мал қайтарылмаған. Әйел өз жасауын алып, төркініне қайтуға құқылы болған.
Сарапшы 1884 жылы Семей уезінде тіркелген оқиғаны келтіреді.
— Бәтима есімді жас келіншек күйеуі Оспанмен екі жыл бірге тұрғаннан кейін ажырасуды талап еткен. Бұған ер адамның денсаулығына байланысты мәселе себеп болды. Күйеуінің жағы ажырасқан жағдайда қалың малды қайтаруды талап етеді. Ал Батиманың туыстары некенің бұзылуына ер адамның кінәлі екенін айтып, қалың малды қайтарудан бас тартқан. Екі жақтан да беделді билер қатысып, мәселені дала заңдары бойынша қараған. Ер адам кінәлі болғандықтан, төленген қалың мал қайтарылмай, Бәтима жасауын алып қайтты, — дейді тарихшы.
Бір қызығы ерлі-зайыпты бірге тұрған кезеңде жинаған ортақ дүниесі дәстүрлі тәртіп бойынша ер адамның меншігі болып саналатын. Осылайша, ажырасу кезінде мүлік мәселесі де екі әулет арасындағы маңызды дауға айналған.
Бала кіммен қалған
Тарихшының айтуынша, бала әкесінің руына жататындықтан, әдетте әкесінің әулетінде қалған. Дегенмен кішкентай балаларға қатысты ерекшеліктер болған. Мәселен әлі еметін бала белгілі бір уақытқа дейін анасының тәрбиесінде болады.
Кейін әкесінің әулетіне берілген. Ал қыз балалар балиғат жасына жеткенше, анасымен тұра алатын. Яғни бала тағдыры да ерлі-зайыптылардың жеке келісімімен шешілмеген. Мұнда әке әулетінің құқығы мен дәстүрлі ру жүйесі негізгі рөл атқарған.
1917 жылғы революциядан кейін неке және отбасы қатынастары түбегейлі өзгеріске ұшырады. Большевиктер жүргізген реформалар дәстүрлі құқықтық жүйені ығыстырып, некені тіркеу мен бұзудың жаңа тәртібін қалыптастырды.
Тарихшының айтуынша, бұрын неке қию рәсімін молдалар мен қожалар атқарса, кеңестік билік бұл тәжірибеге шектеу қойып, некені тіркеуді мемлекеттік мекемелердің құзырына берді.
— Кеңес үкіметі келгеннен кейін неке мәселесін шешу тәртібі мүлдем өзгерді. Бұрын бала әкесінің әулетінде қалса, енді оның мүддесі мен таңдауына назар аударыла бастады. Ортақ мүлікті бөлу тәртібі де өзгеріп, ерлі-зайыптының бірге жинаған дүниесі тең бөлінетін болды, — дейді маман.
Мұның бәрі 1920–1930 жылдары қазақ қоғамында ажырасу фактілерін көбейтті дейді.
Дәстүрлі қоғам мен қазіргі ажырасудың айырмасы
Тарихшының пікірінше, дәстүрлі қазақ қоғамындағы ажырасудың қазіргі кезеңнен басты айырмашылығы — шешім қабылдау кезінде жеке адамның ғана емес, тұтас әулеттің мүддесі ескерілген.
— Бұрын некені бұзу үлкен экономикалық және әлеуметтік салдарға әкелетін. Қалың малды қайтару, жасау мен ортақ дүниені бөлу, балалардың қай әулетте қалатыны екі жақтың дауына айналған. Сондықтан туыстар мен әулет үлкендері некені сақтап қалуға тырысқан. Ал қазіргі қоғамда ажырасу көбіне екі адамның жеке шешімі ретінде қарастырылады, — деді ол.
Қазақ даласындағы ажырасу тарихы қоғамның отбасыға, әйел құқығына және жеке адамның таңдауына деген көзқарасы уақыт өте өзгергенін көрсетеді.