Қазақ даласының тірегі: жылқы мен халық байланысы
АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы Жылқы жылы көшпелі өркениеттің тамырына үңілуге және жылқының қазақ этносының қалыптасуындағы орнын қайта бағамдауға мүмкіндік береді. Ұлы дала халықтары үшін жылқы тек көлік не азық көзі ғана емес, ол өмір салтын, шаруашылықты, дәстүр мен дүниетанымды айқындаған негізгі тірек болды. Бүгінде жылқының маңызы қандай екені Kazinform агенттігінің тілшісі әзірлеген материалда.
Жылқының айрықша орны көне заманнан-ақ қалыптасқан
Тарихшы Айбек Шалғымбековтің айтуынша, жылқының маңызын тек қазақтармен ғана байланыстыру жеткіліксіз. Бұл — тұтас бір этнос пен халықтың қалыптасу тарихына қатысты мәселе.
— Жылқының өміріміздегі орны неге ерекше болды десек, оның жауабы қарапайым: жылқы — адамға ең жақын, ең сенімді серік. Сол себепті ол халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымының ажырамас бөлігіне айналды, — дейді ол.
Оның айтуынша, жылқының қазақ өміріндегі мәнін тіл мен ауыз әдебиетінен-ақ анық аңғаруға болады. Қазақ тілінде жылқыны білдіретін ат, тай, құнан, жылқы, айғыр сынды атаулар өте көп. Бұл атаулардың саны оннан да көп болуы мүмкін. Ол малдың жасы мен жынысына қарай қойылады.
Тарихшы мұны солтүстік халықтарында «қар» ұғымының бірнеше атауға ие болуымен салыстырады. Мұндай тілдік байлық халықтың күнделікті тіршілігі мен өмір салтын көрсетеді.
— Жылқы неге маңызды болды десек, ол біздің тіршілігімізбен тікелей байланысты. Біз — мал баққан халықпыз. Ал қатаң климатты дала жағдайында мал шаруашылығы ең қолайлы кәсіп болды, — дейді ол.
Еуразия даласының табиғи-климаттық жағдайы да жылқының маңызын арттырды. Дәл осы дала жағдайы көшпелі халықтардың өмірі мен шаруашылығын қалыптастырды.
— Забайкальеден Қара теңізге дейінгі кең аймақта көшпелі халықтар өмір сүрді. Жылқы қар астынан өзіне азық таба алу қабілетімен теңдессіз малға айналды. Сондықтан үлкен қора салудың қажеті жоқ еді, жылқылар өз бетімен жайыла беретін, — дейді тарихшы.
Ол сондай-ақ климат ерекшелігі мен жылқы мінезінің байланысын айтып, табындағы айғырдың рөлін ерекше атап өтті.
— Айғыр табынды бастап жүреді, қатты жел соққанда оны қауіпсіз жерге ертіп апарады. Қыста жылқылар қалың бұта арасына тығылып, қатал табиғатқа төтеп береді. Бірақ ең қауіптісі — қар еріп, артынан қатты аяз түскен шақ. Жерге мұз қатып, жылқылар оны бұза алмай қалады да, жаппай қырылу қаупі туады, — дейді ол.
Айбек Шалғымбеков халық отырықшылықтан көшпелі өмірге өткендіктен жылқының маңызыны артқанын айтады. Бұл кезең қола дәуірінің соңынан ерте темір дәуірінің басына дейінгі уақытқа сәйкес келеді.
Андрондық қауымдар негізінен қоныс аудармай өмір сүрген, басты малы — сиыр. Бұл мифологияда да көрініс тапқан: сүтімен қоректендіруші сиыр, қасиетті сиыр (Үндістанда), тіпті Құранның алғашқы сүресі де «Сиыр» деп аталады.
— Алайда кейін климат құрғай түсті, шөптер өзгерді. Осындай жағдайда жылқы әлдеқайда тиімді малға айналды: ол кең аумақта жайыла алады, жыл бойы бағуға қолайлы әрі жүрдек, — дейді маман.
Тарихшының айтуынша, экономикалық және табиғи жағдайлар жылқының маңызын тек қазақтар үшін ғана емес, басқа халықтар үшін де айқындады. Жылқы көптеген мәдениеттерде кездеседі. Ал дала жағдайында ол қозғалыстың, қатынастың және әскери күштің негізіне айналды.
Оның сөзінше, атқа міну мәдениеті тарихқа үлкен өзгеріс әкелді. Жылқыны қолға үйретіп, міну адамдарға еркін қозғалу мүмкіндігін берді. Арбалар мен күймелер пайда болды. Әскер мен атты әскер қалыптасты.
Күшті әрі шапшаң атты әскері бар халық кеңістікті игеріп, оны бақылауда ұстады. Мұны археологиялық қазбалардан табылған жерлеу орындары да дәлелдейді.
Айбек Шалғымбеков кейінгі дәуірлерде экономика дамыған сайын жылқының маңызы азайғанын айтты.
— Техника дамыды: паровоз, автокөлік, тракторлар пайда болды. Соның нәтижесінде жылқы бұрынғыдай негізгі күш емес, тек көмекші құралға айналды. Бұл — тарихтағы заңды құбылыс. Ал ең ауыр сынақ ұжымдастыру кезеңінде болды. Сол кезде Қазақстанда мал саны 40 миллионнан астам еді. Бірнеше жылдың ішінде ол он есеге жуық қысқарды, — дейді тарихшы.
Ол сондай-ақ жылқы тұқымдарын сақтап қалу мәселесін де атап өтті.
— Менің ағам Айазбек Шалғымбеков «Қазақ тұлпары» атты жылқы зауытының бірінші директоры болды. Ол Қостанай тұқымды жылқыларды — қазақ тұлпарын қайта тірілтуге өмірін арнады. Тұқымдық жұмыс жүргізді, қаржы қарастыртты, министрліктер мен өңірлерге барып жағдай жасады. Бұл мәселемен жанын салып айналысты. Қазіргі кезде де бұл бағыт назардан тыс қалған жоқ, — дейді тарихшы.
Оның айтуынша, барлық тарихи және экономикалық өзгерістерге қарамастан, жылқының халық сана-сезіміндегі орны жойылған жоқ. Уақыт өте оның шаруашылықтағы рөлі өзгергенімен, тарихи естелік, мәдениет пен құндылық жүйесінде жылқы әлі де негізгі символдардың бірі болып қала береді.
Дәстүрлі қоғамда жылқы адамның әлеуметтік мәртебесін көрсететін маңызды белгі болды. Бағалы тұқымды тұлпарлар мен жорғалар иесінің беделін айқындайтын. Бұл мәртебе мәдени мұраға да енді — аңыздарда, әдебиетте, халық жадысында сақталған. Белгілі тұлпарлардың аттары рулардың, ауылдардың және өңірлердің аңызында қалды, ұрпақтан ұрпаққа беріліп, жалпы тарихи естеліктің бір бөлігі болып есептеледі.
Қазақ халқы дәстүріндегі жылқы
Қазақстан халқы Ассамблеясы Қостанай облыстық аналар кеңесінің төрайымы Ақжан Алтыбаева жылқының қазақ мәдениетіндегі ерекше рөлі дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар арқылы көрініс табатынын айтады. Оның сөзінше, жылқы бастапқыда тек көлік немесе шаруашылық мал ғана емес, адам дүниетанымы мен тәрбиесінің маңызды бөлігі болған.
— Көшпелі өркениет адам мен жылқының тығыз байланысы арқылы қалыптасты. Бұл бірлік дәстүрлерде, салт-жораларда және халық сенімдерінде сақталған, — дейді ол.
Ақжан Алтыбаеваның айтуынша, бала кезден атқа үйрету арқылы ұл балаларға шыдамдылық, батылдық, жауапкершілік және тірі жанға құрмет сезімі тәрбие ретінде берілген. Бұл дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа өмірлік тәжірибені жеткізудің бір тәсілі болған.
Жылқы адам өмірінің барлық маңызды сәттерінде бірге болған: той, ұзатылу, сапарға шығу, соғыс және еске алу рәсімдерінде. Сонымен қатар жылқыға тұқымы мен мінезіне қарай ат қою дәстүрі оның даралығын және ерекше мәртебесін көрсеткен.
— Халықта «Ат — ердің қанаты» деп бекер айтылмаған. Атқа деген қарым-қатынас арқылы этика, табиғатпен үйлесім сезімі және қоршаған әлемге құрмет қалыптасқан, — деп атап көрсетті Ақжан Алтыбаева.
Ол сонымен қатар жылқыға қатал қарауға тыйым салу, оның иесінің көңілін сезіп, қауіпті сәттен сақтай алуына сену, сондай-ақ жылқы еті мен қымызға байланысты денсаулық дәстүрлері рухани мұраның маңызды бөлігі екенін айтты.
Қазіргі заманда жылқының шаруашылықтағы рөлі өзгергенімен, дәстүрлерді, мақал-мәтелдерді, салт-жораларды және жылқыға деген құрметті сақтау мәдени құндылықтарды, адамгершілікті және табиғатқа саналы көзқарасты жас ұрпаққа жеткізудің негізгі жолы болып қала береді.
Шаруашылық пен өмірдің тірегі
Жәнібек Кенжебаев жылқымен көп жылдан бері айналысады. Оның айтуынша, тарихи түйіндерден тыс қарасақ та, қазақ үшін жылқы әрдайым күнделікті ауыл тіршілігінің сенімді тірегі болған.
Қазіргі ауылда жылқы — тек әдемі көрініс емес. Ол жер мен климатқа, дәстүрлі шаруашылыққа сай сенімді мал. Жәнібек Кенжебаевтың айтуынша, жылқыға деген құрмет пен оны өмірдің бір бөлігі ретінде қарау әдеті қазіргі жылқы шаруашылығында да сақталған.
— Табынды қалай күтетінінен, аналық малға қалай қарайтынынан бәрі көрінеді. Егер шаруашылықта жылқылар болса, демек, иесі тұрмысты мықтап игеріп, шаруасын дұрыс жүргізеді, — дейді ол.
Жәнібек Кенжебаевжылқы шаруашылығының негізгі жүйесі аса өзгермегенін айтады. Жылқылар әлі күнге дейін табынмен жайылып, далада, табиғи шөппен қоректенеді.
— Құралдар жаңарды: ветеринарлық қызмет, алдын алу шаралары, цифрлық есеп және GPS бақылау енгізілді. Бірақ негізгі идея сол — жылқы даланың еркін жануары, қорадағы мал емес, — дейді фермер.
Сонымен қатар ол жылқы шаруашылығының азық-түлік қауіпсіздігі үшін маңызды екенін айтады. Мал азайған кезде жылқы қызыл еттің сенімді көзі болып қала береді. Мысалы, соғым кезінде жылқы экономикалық тұрғыдан, тұрмыста және мәдениетте әлі де маңызды рөл атқарады.
Керқұланның санын қалпына келтіру
Жылқының халық өміріндегі маңызын көрсететін оқиға — 2024 жылы Қостанай облысына Пржевальский жылқыларының алғашқы партиясын әкелгені.
Пржевальский жылқысының қазақша атауы — Керқұлан. Бұл жылқы әлемде жабайы күйінде сақталған жалғыз тұқым. XX ғасырдың ортасына қарай Керқұландар табиғи ортасында толық жойылып кеткен. Алайда халықаралық бағдарламалардың арқасында оларды қайтадан табиғатқа шығару мүмкіндігі туған.
Қазақстанға Керқұландар партиясы 2023 жылы сәуірде «Қазақстан — Чехия» форумында қол қойылған келісім аясында жеткізілді. Бұл келісімге Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы мен жануарлар дүниесі комитеті және Прагадағы жануарлар бағы қол қойған.
Сақшылар ерқұландарды үнемі бақылап отырады. Олардың денсаулығына, өмір сүретін ортасына көңіл бөліп, табиғатқа бейімделуі және санының көбейуі үшін барлық қажетті шараларды жасайды.
2029 жылға дейін Қазақстанға 40-45 Керқұлан әкелу жоспарланған. Мамандар бұл сан табиғаттағы популяцияны қалыптастыру үшін жеткілікті деп отыр.
Келіп жеткен Жылқы жылы қазақ халқының өмірі мен тарихында жылқының маңызын жаңа қырынан бағалауға мүмкіндік береді.
Көп ғасырлар бойы жылқы дала шаруашылығын, жүру еркіндігін, тіршілік ету тәсілдерін және мәдениеттің көптеген салаларын қалыптастырды. Уақыт өте оның шаруашылықтағы рөлі өзгергенімен, адам мен жылқы арасындағы жақын байланыс сол күйі сақталған.
Бүгінде жылқы тарихи естеліктің, дәстүрлердің және ауыл өмірінің маңызды бөлігі болып қала береді. Сонымен қатар ол тұқымдарды сақтауға және жабайы популяцияларды, соның ішінде Керқұландарды қалпына келтіру бағдарламаларының нысаны болып отыр.
Бұл мысал көрсетіп тұрғандай, жылқы Қазақстан үшін тек өткеннің символы ғана емес, қазіргі өмірдің де тірі бөлшегі, жаңа ғасырда да өз маңызын сақтап келеді.
Айта кетейік, бірір күн бұрын Батыс Қазақстан облысы Казталов ауданында бір үйір жылқының сорға батып өлгені туралы ақпаратқа аудан әкімдігі жауап берді.