«Бабалар ізімен» ғылыми-тарихи экспедициясы осы даңқты билеушінің мазарына барып, зерттеу жұмыстарын атқарып қайтты.
Сұлтан Разия Солтүстік Үндістан жерінде 1236-1240 жылдары аралығында билік құрған. Ол - Дели сұлтандығын басқарған бесінші билеуші. Оған дейін сұлтандықты басқарған даңқты Шамса-ад-дин Елтұтмыштың ұл балалары болса да, ол өз орнына қызы Разияны қалдырып кетеді. «Себебі ол қайсар мінезді, жан-жақты білімді және ел басқаруға толықтай лайық еді» деп жазады үндістандық тарихшылар.
Аталған экспедиция осындай мамандармен кездесіп, сұлтан Разия туралы тың мәліметтер жинап қайтты. Сондай тың деректердің бірі ретінде сұлтан Разияның ақындық қыры мен поэзияға жақындығын айтуға болады.
«Сұлтан Разия шығыс халықтарына тән бәйіт дәстүрінде өлең шығарған. Ол билеуші, әскери адам болса да жан-жүрегі сұлулыққа жақын, өнерге құштар адам болған. Сұлтан Разия - сөзсіз тарихи тұлға. Оның билікке тағайындалуы сол замандағы революциялық жаңалық болды»,- дейді Дели университеті тарих факультетінің профессоры Амита Паливал.
Сұлтан Разия - мұсылман әлеміндегі тұңғыш әйел билеуші. Ол - қазақ даласынан Үндістанға барған көшпенділердің ұрпағы. Бүгінде оның мазары Делидің мұсылмандар тұратын кварталында орналасқан. Сұлтанның жерленген жерінде шағын мешіт бар екен. Оның қабірінің басына басқа билеушілердікі сияқты үлкен мавзолей салынбаған. Бірақ мұнда күн сайын Құран оқылып, бес уақыт намаз үзілмейді.
Экспедиция мүшелері Делиде бұдан бөлек тағы бір тарихи тұлға Гияс ад дин Балбанның кесенесіне де арнайы ат басын бұрды. Бұл билеуші қыпшақтардың елбөрі деген тармағынан шыққан әрі 1246 және 1266 жылдары Дели сұлтандығын 20 жыл бойы басқарған. Ол мемлекетті күшейтіп, көптеген реформа жасаған. Бүгінде Балбанның кесенесі Делидегі Мехраули тарихи кешенінде орын тепкен.