Қазақ даласында тері мен жүнді игеруге жол ашқан «Жармола жәрмеңкесі» қайта жаңғырды
Ақтөбенің Ырғыз ауданы облыс орталығынан шалғайда орналасқан. Мұнда халық мал шаруашылығымен айланысады. Өндіріс жоқ, бірақ ата қоныста төрт түлікті тең өргізіп отырған шаруа көп. Сонымен бірге, табиғи қорық Қызыл кітапқа енген аң-құстың мекеніне айналған. Қазіргі кезде Тобыл-Торғай мемлекеттік резерватында инспекторлар өздеріне белгіленген аймақты бақылауда ұстайды.
Бұл мекенде екі күн бойы «Жармола жәрмеңкесі» өтті. Тарихы тереңде жатқан жәрмеңкені еске салатын орын сақталмаған әрі бұл тақырып әлі күнге дейін түбегейлі зерттелмеген. Өлкетанушы Бекарыстан Мырзабай тарихты қайта жаңғырту енді басталғанын айтты.
«Жармола жәрмеңкесі 1870 жылы Николай патшаның құрметіне «Никола жәрмеңкесі» деп аталып, басталды. Біздің ойымызда крепостниктік правоның реформасын жасап, бұрынғыдан гөрі экономикалық, саяси, әлеуметтік жағынан бір қадам алға басқан Ресей империясының қырғыз-қайсақ даласы деп жүрген қазақ жеріндегі тері мен жүнді, тағы да басқа шикізатты игеруге бағытталған жолы деп айтуға болады. Кейін Ырғызда тері зауыты ашылды. Тері 5-6 жылдың ішінде Америкаға дейін жетті. Оның дәлелі бар. Тері Америкада жасалған керемет жеңіл машинаға пайдаланылып, бірін Ырғыздың базарын басқарып тұрған татар Нығметбай Ғаббасов иеленді. Бұл туралы 1976 жылы «Автомобилист» журналына шыққан мақалада толық сипатталып айтылды. Ал жүн Германияға дейін жеткен. Германиядан аса сапалы бояу алып тұрған. Бұл тек әлеуметтік-экономикалық жағынан емес, рухани, өнердің дамуына да үлкен әсері болды. Балқы базар, Оңғар, Баспан, Тұрымбет жырау, ХХ ғасырдың ортасында өмір сүрген Дүйсенғали, Мәлік секілді жыраулар осы жәрмеңкеде өзінің өнерін көрсетіп, араздасқанды татуластырып, елдің бірлігі үшін той-думанды арнаумен, салтанатпен басады», - деді өлкетанушы.
Оның айтуынша, жәрмеңке жан-жақты байланыс орнатуға септігін тигізді. Содан кейін Темірдегі «Қарақамыс», Ойылдағы «Көкжар», Ақтөбедегі «Ақтөбе» жәрмеңкесі ашылды. Сауда қатынасы Хиуа, Бұхара, бері қарай Ақмешіт, Теровск және Ресейде Жаманқала, яғни Орск жәрмеңкесі, Арқада «Қоянды», «Қарқаралы» жәрмекелерімен тығыз байланыс орнады. Демек, жәрмеңкелерді бөліп қарауға болмайды.
«Ресей патшалығы қазақ даласының аяқ жетер жеріне салған бекініс алаңның барлығында жәрмеңке болды. Соған байланысты дидар бұйырған, дәм татқан қай ұлттың өкілі болмасын жәрмеңкеге келді. Жәрмеңкеден бұрын сонау, осыдан 291 жыл бұрын Әбілқайыр ханның ордасында Тевкелев болды. Осыдан 286 жыл бұрын ағылшынның саяхатшысы, барлаушысы Джон Кестел тоқтады. Олардың барлығы сол кезде екі империяның, Англия мен Ресейдің біздің қазақ даласына қызығушылығын көрсетіп тұр. Жәрмеңке Ұлы қазан революциясы, яғни 1917 жылға дейін жұмыс істеді. Тағы бір қызықты дерек бар. 1918 жылы тері зауытының басшысы Нығметбай америкалық машинаны көміп кеткен. 1940-жылдардың ортасында келген баласы көліктің шіріп кеткенін анықтаған. Бұл жөнінде Әлкей Марғұлан зерттеді. 1925 жылы Қазақстан шаруашылығының комиссары болып тұрған Ұзақбай Құлымбетов Микоян, Дзержинскийге және Калининге хат жазады. «Төңкеріліске дейін қазақ даласындағы терінің 17, жүннің 8 пайызы игеріліп еді, саудаға шығып еді. Қазір сол сауда тоқтап қалды. Осы шикізатты игеру үшін қомақты ақша керек. Ол ақшаға Ақтөбе, Қызылжар, Семей, Жамбылда тері зауыттарын ашамыз және жүн тазартып, жуатын цех ашамыз» деген мақсат қойды. Өкінішке қарай, Голощокин келді де, жұмыс 10 жыл тежелді. Құлымбетов 1935 жылы қайта қолға алды. Бірақ, 1937 жылы қуғын-сүргін болды. Қазақтың қайраткерлері ұлан байтақ даладағы шикізатты игере алмай қалды», - дейді Бекарыстан Мырзабай.
Өлкетанушы жәрмеңкедегі мақсат аса бай шикізат көзін игеруді қайта бастап, ұлттық-халықтық этнографияны, мерекені, ән мен жырды оралту екенін айтты. Өкініштісі, сол заманнан естелік болар ешқандай дүние қалмаған. Тек архивте құжаттарын зерттеуге болды.
Айта кетейік, жәрмеңкеге облыс әкімі Ералы Тоғжанов барды. Аймақ басшысы «Рухани жаңғыру» бағытында жасалып жатқан шаруалардың жалғасатынын айтты.
«Тарихтан белгілі, ХІХ ғасырдың соңғы ширегінде, Қазақстанның батысында, оның ішінде Ақтөбе облысында Ырғыздағы «Жармола», Темірдегі «Қарақамыс», Ойылдағы «Көкжар», Ақтөбедегі «Ақтөбе» жәрмеңкелері даму тұрғысынан ірі орталыққа айналып, халықтың сауда мәдениетін дамытуда зор бетбұрыс туғызған. Соның нәтижесінде қазақ даласындағы арзан шикізат тауарлары Ресей патшалығы арқылы алыс-жақын шетелге сатылып, олардың орнына халық тұтынатын түрлі тауарлар әкелінген. Аталған жәрмеңкелер Орта Азиядағы Бесқаламен, Ресейдегі Орскі, Орынбор арқылы сауда қатынастарын дамытуға үлес қосты. Сонымен қатар, ұлттық өнерді насихаттайтын әлеуметтік-экономикалық, рухани-мәдени даму орталықтарына айналды. Облыс аумағындағы тарихи жәрмеңкелерді жаңғырту және өлке туризмін дамыту мақсатында алғашқы шараны Ырғыз ауданында өткізіп отырмыз. Алдағы жылдары Темір ауданында, Ойыл ауданында, Ақтөбе қаласында осындай жәрмеңкелерді жаңғыртып, мәдени-туристік кешенді іс-шаралар ұйымдастыру жоспары бар», - деп атап өтті Ералы Тоғжанов.
Жәрмеңкеде ұлттық салт-дәстүр мен спорттық ойындар, театрландырылған көріністер мен концерттік бағдарлама өтті. Бұдан өзге, атақты жазушы Тынымбай Қарин, жырау Алмас Алматов, тарих ғылымдарының докторы Светлана Смағұлова «Ырғыздың қилы тарихы» атты республикалық ғылыми-танымдық конференцияға қатысты.