Қазақ даласындағы әлемді таңдандырған абзал аналар мен үкілі қыздар (ФОТО)
Намысын бермеу үшін жатқа қолдан,
Арулар аз болды ма атқа қонған? -
деген өлең жолдары дәл осы қазақ қыздарына арналғаны анық.
2015 жылы маусым айында «Қазақ хандығы тұсындағы ханымдар мен арулар» атты республикалық ғылыми-тәжiрибелiк конференцияда ҚР Мемлекеттiк хатшысы Гүлшара Әбдiқалықова қазақ тарихындағы ханымдар мен ханшалар, дана және батыр аналары туралы деректер терең зерттеуді қажет ететіндігін айтқан болатын. «Сан ғасырлық тарихымызда ел бірлігі үшін басын бәйгеге тігіп, жерін қорғау үшін атқа қонған, бір ауыз сөзбен билік айтқан дана, батыр және шешен әйелдер туралы деректер баршылық. Дегенмен, жазба деректер, нақты фактілер қамтылған құжаттар бүгінгі заманға толық күйінде жеткен жоқ. Алдағы уақытта мұндай құнды деректерді әлем елдерінің мұрағаттарынан, өз еліміздегі дерек көздерінен жинастырып, ұрпақ игілігіне ұсынсақ деген ойымыз бар»,-деді Мемлекеттік хатшы.
Осы орайда ол хандық туралы толыққанды ұғым қалыптастыру үшiн хан ордасында елдiк деңгейдегi кеңестер мен тарихта қалған ханымдар мен ханшалар, би мен батырлардың аналары мен асыл жарлары туралы тарихи мағлұматтарды терең зерделеген жөн екенін тапсырды.
Мемлекеттік хатшы ханға әдiлдiгiн айтқан Қарашаштан бастап, ел тұтқасы болған Айғаным мен Фатима ханшалар, жауға қарсы шапқан ержүрек Гауһар мен Бопай сияқты батыр жарлар, сондай-ақ есiмдерi тұтас жұрттың тәрбиесі бесiгiне айналған басқа да аналардың рухани тұғыры уақыт өткен сайын асқақтай беретінін атап өткен еді.
Осыны ескере отырып, аты аңызға айналған аруларымыздың өнегелі өмірі бүгінгі қыз-келіншектерге рухани азық болсын деген ниетпен рулы елдің қамын жеген ел анасы мен ел басына күн туғанда қолына қару алып, жауға шапқан қазақ қыздары туралы баяндап өтуді жөн санадық.
ДОМАЛАҚ АНА. Домалақ ана - халқының абыз аналарының бірі. 6-7 ғасырлар тоғысында өмір сүрген. Бәйдібек батырдың үшінші әйелі, Албан, Суан, Дулаттың анасы. Шын аты - Нұрилә. Өзгені де баласындай көріп, төңірегіне аналық мейірін шашқан, барынша кішіпейіл, алдағы күннің жайын ойлап, айтар сөзі ақиқатқа айналған болжампаз, көреген қасиетін құрметтеген ұрпақтары сол заманның өзінде-ақ оның атын атамай, жаратылысынан бойы шағын болғандығына қарай «Домалақ ана», «Домалақ ене» деп атап кетіпті. Домалақ ананың қадір-қасиеті ерте-ақ танылған. Ел аузында ол кісі жөнінде аңыз-әңгіме көп. Солардың бірі мынадай: «Бәйдібек заманында жайлауында үйір-үйір жылқысы, келе-келе түйесі, отар-отар қойы өрген, шығыс пен батысқа керуендер жүргізген асқан бай адам болған. Бірде Алатау асып келген қалың жау Қаратау жонын жайлап отырған Бәйдібектің ауылын шауып, сан мың жылқысын түре айдап кетеді. Бәйдібек бастаған ел азаматтары ауылда болмаса керек. Содан жау шапты деген хабарды естіп, Бәйдібек елден жасақ жиып, қасына үлкен әйелі Сары бәйбішеден туған алты ұлын алып, жауға аттанғалы жатқанда Нұрилә: «Бай-еке, малдың құты, жылқының иесі құла айғыр қолда қалды. Амандық болса, алты күннен кейін жылқы жауға қайыру бермей өзі ауылға келеді. Жауды қума, азаматтар аман болсын, осы тілегімді беріңіз», - деп өз отауының белдеуінде матамен байлаулы тұрған, жүген-құрық тимеген шу асау айғырды көрсетіпті. Бірақ жауға кектенген батыр әйелінің тілін алмай, жасағын бастап жүріп кетіпті. Бәйдібек жасағы жауға Күйік асуында жетіп, қырғын ұрыс салыпты. Алайда жасанып келген жау аттанға ілесіп атқа қонған аз жасаққа теңдік бермепті. Осы соғыста қаза тапқан алты ұлын Үшқарасай жазығына жерлеп, кері қайтыпты. Арада алты күн өткенде байлаулы тұрған құла айғыр жер күңіренте дүлей күшпен кісінеді дейді. Сол күні кеш шамасында шығыстан қалың шаң көтеріліп, ұзамай Бәйдібектің қалың жылқысы көрінеді. Ереуілдеп барып, кері қайтара алмаған жылқыны Домалақ ана осылайша үйде отырып-ақ түгел қайтарып алса керек. Мұндай әңгімелер көп-ақ.
Бәйдібек ауылының көші Ташкенттен Қаратауға көшіп бара жатқан жерде Балабөген өзенінің жағасында әулие ана намаз оқып отырған жерінде қайтыс болған. Домалақ ананың немересі Дулат Бұхарадан Абдулла Шері есімді шеберді алдыртып, ана басына төрт қанатты күмбезделген кесене-там тұрғызады. Домалақ ана кесенесі бірнеше рет бұзылып қайта өңделген.
ХХ ғасырдың басында қойылған ескерткіш дөңгелек пішінді, сыртынан алты нишалы, ал күмбез негізгі ғимараттың үстінде болған. 1957 жылы қайта жаңартылғанымен кесене көп сақталмаған. 1996 жылы Маңғыстаудан арнайы әкелінген ақ таспен жаңадан өрілген. Жерден биіктігі 12 метр биіктікте сегіз жапырақты етіп өріліп, негізгі бөлігіне күмбез орнатылған. Домалақ ана кесенесіне 2000 жылы айналасын көркейту-көгалдандыру жұмыстары толық аяқталған. Кесененің құрылысын жүргізуші және жобасын жасаушы сәулетшісі - Сайын Назарбеков.
Домалақ ана кесенесі
БЕГІМ АНА. Бегім Ана - Қарабура әулиенің қызы, Салжұқ мемлекетінің ханы Санжар сұлтанның әйелі. 11-ғасырдың тұсында Мәлік шахтың патшалық құрған тұсында Салжұқтар елі әбден кемеліне келген екен. Мәлік шах өлгеннен соң таққа оның баласы Санжар отырады. Санжар астанасын Хорасаннан көшіріп, Сыр бойындағы Жанкентке орналастырады да, бұл шаһарды мықты бекініске айналдырады. Ол аң аулап, сейіл құрғанды ұнатады екен. Сөйтіп жүріп Созақ маңайында өмір сүрген Қарабура әулиенің қызы Бегімге үйленеді.
Бегім жаратылысынан көркіне ақылы сай, парасаты мол қыз болыпты. Санжарды да табындырған осындай сан қырлы қасиеттері болса керек.
Санжар аңға шығып бара жатып құлын үйінде қалған қанжарды әкелуге жұмсайды. Қанжарды ұсынғанда Бегім сұлудың аппақ қолын көріп құл есінен айырылып құлап қалады. Кешігу себебін түсіндірген құл: «Ханым білегімнен ұстап жібермей қалды», - депті. Санжар ақ-қарасын тексермей Бегім сұлудың оң қолын, оң бұрымын кесіп, оң танауын тіледі де, зынданға тастайды. Келесі күні Қарабура әулие қиналып жатқан қызының түсіне кіріп: «Балам, бұлтартпай шыныңды айт. Ақпысың, әлде қарамысың? Ақ болсаң аллам жәрдем беріп жараңды жазар, қара болсаң қарғар, тек турасын айт!» депті. Сонда Бегім жылап тұрып: «Атажан, құдай атымен сіздің алдыңызда ант етемін! Егер, Санжарға қиянат жасам, тәңірі атсын, өмірімді қысқартсын. Ақпын, ата!» - деп зар еңірейді.
Осыдан соң Қарабура Санжардың да түсіне кіріп: «Сен де бір балам едің. Егер менің қызым арам болып, саған қиянат істесе, келесі күні сол қолы, сол бұрымы кесіліп, сол танауы тілінген күйде мүгедек болып қалсын! Егер, керісінше болса, қызымның ақ пен қарасын тексермей жаза қолданғанда бір ауыз әділ сөзін айтпаған сенің шаһарыңды тірі адам қалдырмай жылан жұтсын!» деп қарғап, теріс батасын береді. Келесі күні таң ата хан зынданға адам жібереді. Жіберген адамы барса, Бегім баяғы сау қалпында отыр екен дейді. Содан бастап ханды үрей билейді. Кеш болады. Хан кеңесшілерімен отырғанда іңір уақытысында аспаннан бір мес шаһардың ортасына түсіп жарылады. Местің іші толы жылан екен. Жылан тысқа тірі жанды шығармай, шағып өлтіреді. Сонымен жайнап тұрған Жанкент шаһары Санжар сияқты қатыгез ханның кесірінен қас пен көздің арасында опат болады.
Ал Бегім сұлу болса өз әкесі Қарабура әулиенің көмегімен Бегім ана белгісін салдырып: «Мұнан былай еркекті көрмеймін» деп, қалған жұмбық ғұмырын сол мұнараның ішінде өткізген. Ата-бабасының қасиеті дарып, кейін Бегім Ана әулие атанады. 13-ғасырда салынған Бегім Ана кесенесі қазір Қазалы ауданының жерінде тұр.
. Бегім ана кесенесі
АЙША БИБІ. Айша бибі (ХІ-ХІІ ғғ.) Қараханидтер әулетінің негізін қалаушы Қараханның қалыңдығы, оның басына қазіргі Тараз қаласының жанындағы, сонау сақтар заманынан бастап-ақ қазақтың қол өнеріне енген, содан бері қолданылып келе жатқан ою-өрнек, әшекей түрлерінің бәрін қамтитын күрделі де сәулетті «Айша бибі кесенесі» атты архитектуралық әсем ескерткіш тұрғызылған.
Айша бибінің кім екені жөнінде атадан балаға қалған аңыз болмаса, тарихи деректер жоқ. Ал аңыз оны төрт түліктің бірі сиыр малының атасы деп есептейтін Зеңгі бабаның қызы еді дейді.
Сол аңыздың айтуынша, Айша бибі Түркістанда жас батыр Қараханмен кездесіп, бірін-бірі ұнатқан екі жас бас қосып, өмірлік серік болуға уағдаласады. Жаугершілік заман болса керек, тұс-тұстан анталаған жаумен арпалысып, елін-жерін қорғаумен жүргенде Қараханның уәделі мерзімде Айша бибіге баруға мүмкіндігі болмайды. Арада біраз уақыт өтіп кетеді. Ақыры шыдамы таусылған Айша бибі Қараханның мекені Тараз қаласына өзі іздеп бармақ болып, қасына күтушісі Баба әже қатынды ертіп, жолға шығады. Бірнеше күн жол жүріп, Таразға жетеді.
Қаланың төбесі көрінгеннен кейін өзеннің жағасына тоқтап, сол арада суға түсіп, шаң тозаңнан арылып, біраз дем алуға тоқтайды. Күтушісі ас жабдығына кіріседі.
Салқын суға шомылып, денесі сергіп шыққан Айша бибі күтушісі ас әзірлегенше дем алмақ болып, арнайы өзіне төселген төсенішке келіп жатады. Су сабатының салқын ауасына қосылған таудың самал желі ұзақ жолдан шаршаған жас арудың балғын тәнін аялай сипап, рахат құшағына бөлейді. Сүйіктісінің ауылының төбесін көріп көңілі жайланған, енді аз уақыттан кейін онымен кездесетінін ойлап, тәтті қиял бесігінде тербеліп жатып, маужырап ұйықтап кетеді. Осы ұйқыдан оны даланың улы жыланы шағып оятады.
Денесін у жайлап, тынысы тарылып бара жатқан Айша бибі дереу Қараханға хабар бергізеді. Қарахан тәуіптерін, молдасын алып жеткенде ару қыз ісіп кеуіп екі дүниенің арасында жатыр екен. Қарахан молдаға екеуінің некесін қиғызады. Содан кейін ол қызды қолына алып, жаны үзіліп бара жатқан Айшаның құлағына: «Айша, сен енді бибі болдың!» деп үш рет айқайлапты. Ханның өлі қызбен неке қиысқаны одан бұрын да, кейін де тарихтан кездеспейді.
Қайғырып, қан жұтқан Қарахан сүйген жарының денесін арулап жерлеп, басына әсем күмбез орнатады. Жауын шайып, жел мүжіп, уақыт өз белгісін салғанымен бір-бірін шынайы сүйген ғашықтардың махаббатының өшпес белгісіндей болып, сол күмбез әлі тұр Тараз қаласының іргесінде. Халық Айша бибіні әулие санатына қосып, табынады. Айша бибі хикаясын зерттеген тараздық журналист Б.Әбілдаев «Айша бибі» деген пьесасын жазды.
Айша бибі кесенесі
БОПАЙ ХАНЫМ. Бопай ханшайым - Әбілқайыр ханның зайыбы. Қазақ халқы бастан кешкен аса күрделі кезеңдердің бірі ХҮІІІ ғасыр болса, сол кездің саяси-әлеуметтік істеріне белсене араласқан көрнекті қайраткерлердің бірі Бопай (Бәтима) болған. Бопай - Кіші жүздің ханы Қожасұлтанұлы Әбілқайырдың зайыбы әрі мүдделесі. Сол кездегі қазақ халқының басына ел болу немесе елдігін мүлде жоғалту қауіпі төнгенде Әбілқайыр ұстанған саяси бағытты Бопай жалтақсыз қолдап, ең бір шешуші кезеңдерде айрықша икемділік-тапқырлық танытып отырған. Мұны Бопай ханымның орыс патшайымдары Анна Иоановнаға, Елизавета Петровнаға, бригадалық генерал А.И.Тевкелевке, Орынбор губернаторы И.И.Неплюевке, канцлер А.П.Бестужев-Рюминге жазған хаттарынан және ол хаттардағы ел мүддесіне қатысты ұстанған әрекет-ниеттерінен айқын аңғаруға болады. Тарихшы А.И.Левшин: «Бопай өзінің ақылдылығы арқасында бүкіл Кіші жүздің құрметіне бөленді және кейде оны басқаруға үлкен ықпал етті»,- деп жазды (А.И.Левшин. Описание киргиз-казачьих или киргиз-кайсацких орд и степей. - Алматы, 1996. 217-бет).
Бопайдың зеректігі мен тапқырлығы жөнінде ағылшын суретшісі Дж. Кэстльдің, Әбілқайыр ордасында болған орыс шенеуніктерінің жазбаларында біршама деректер келтіріледі. 1736 жылы ағылшын саяхатшысы Джонь Кэстль қазақ даласын аралап жүріп, Әбілхайыр хан ордасына соға кетеді. Суретші Дж.Кестель салған суретте Бопай ханым балалаларымен кетіп бара жатады.
Бопай ханым ұзақ жасап, тоқсанға жақындаған жасында 1780 жылы дүние салды. Топырақ бұйырған жері Елек өзенінің бір тармағы - Жосалының жоғарғы жағындағы қорым.
Ақпарат «Бабалар сөзі» 100 томдығынан, энциклопедиялар мен ғаламтор беттерінен алынды.