Қазақ даласының Шыңғыс хан мен оның ізбасарлары империясының жүйесіндегі XII-XIV ғасырларды қамтитын тарихы барынша қадала назар аударуды талап етеді - М.Тәжин

АСТАНА. 5 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ даласының Шыңғыс хан мен оның ізбасарлары империясының жүйесіндегі XII-XIV ғасырларды қамтитын тарихы барынша қадала назар аударуды талап етеді. Бұл туралы бүгін елордадағы Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде өтіп жатқан Қазақстан Республикасының ұлттық тарихын зерттеу жөніндегі ведомствоаралық жұмыс тобының кеңейтілген отырысында ҚР Мемлекеттік хатшысы Марат Тәжин мәлім етті.

«Қазақ даласының Шыңғыс хан мен оның ізбасарлары империясының жүйесіндегі XII-XIV ғасырларды қамтитын тарихы барынша қадала назар аударуды талап етеді. Алтын Орданың, орда хандарының тарихы - Қазақ даласының қалыптасу сатысында тұрған жаңа орыс мемлекетімен белсенді қарым-қатынасы басталған кезең де өте маңызды. Өкінішке орай, қазіргі тарихнамада еуропацентризмнің ықпалымен бір-бірімен кереғар күштер - көшпелілер («варварлар») мен отырықшы халықтар («өркениеттілер») күресумен өткен деген түсінік басым. Алайда, уақыт өте келе зерттеушілер мұндай түсініктің дұрыстығына барған сайын көбірек күдік келтіре бастауда», - деді ол.

М.Тәжиннің атап өтуінше, түркі-славян өзара байланыстарының тарихы тек қана соғыстардан, әскери жеңістер мен жеңілістерден тұрмайды. Бұл ең алдымен санқырлы сауда, саяси, әскери, мәдени өзара байланыстардың тарихы екендігі естен шығарыла береді.

«Неге екені белгісіз, өкінішке орай, біз өздеріміздің мәдениеттеріміз бен өркениеттеріміздің тіл табысқан тұстарын аттап өтіп, назардан тыс қалдырамыз. Біз тек қақтығыстарды зерттейміз, сөйтеміз де бүгінгі заманның сүйініші мен күйінішін өткен күнге көшіре саламыз, бұлай ету жөнсіз және бұл кәсібилікке де жатпайды. Қазақтар Еуразияның ең байырғы автохтонды халықтарының бірі екені сөзсіз. Сонымен бірге, Қазақстанның тарихы осы жерді кейінірек мекендеген, бірқатары еркінен тыс қоныстанған басқа да этностық топтардың да тарихы. Еліміздің полиэтникалығын қалыптастыруда бұл үдерістерді біз объективті түрде зерделеуіміз қажет. Қазақстанның тарихы - бұл біздің ортақ тарихымыз», - деп түйіндеді Мемлекеттік хатшы.