Қазақ деректі киносының негізін қалаушы Ораз Әбішев дүниеден озды

None
АЛМАТЫ. 14 наурыз. ҚазАқпарат - 97 жасқа қараған шағында ұзақ науқастан қазақ деректі фильмінің негізін қалаушы, кинорежиссер, КСРО Халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақ КСР өнеріне еңбек сіңірген қайраткер Ораз Әбішев дүниеден озды. Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ-ның баспасөз қызметінің хабарлауынша, марқұмды ақтық сапарға шығарып салу рәсімі 15 наурыз күні Кино үйінде өтеді.

Ораз Әбішев 1916 жылы 1 мамыр күні қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданының Қайнар ауылында дүниеге келген болатын. 1938 жылы Алматыдағы Қазақ музыкалық театры (қазіргі Қазақ академиялық опера және балет театры) жанындағы студияны бітіріп, 1938-1939 жылдары театр құрамында әнші болып, 1939 жылдан бастап кино өнеріне ден қояды. Бүкілодақтық кинематографистер инс­титутының (ВГИК) режиссерлік факультетінде оқи жүріп Моисей Левин, Григорий Рошаль, Роман Кармен сынды кино майталмандарының ассистенті бол­ады. «Мосфильм», «Ленфильм» кино­студияларында шеберлік мектебінен өткен ол 1940 жылдан бастап деректі фильмге біржола бет бұрды.

О.Әбішевтің Дина Нұр­пейісова, Кенен Әзірбаев, Мұқан Төлебаев, Талғат Бигелдинов тәрізді тарландар бейнесін айғақтаған туындылары ұлттық рухымызды, мәдениетімізді шыңдауға қызмет ететін қазына болып табылады. Оның 60 жылға созылған тынымсыз ең­бегінің нәтижесінде - «Тастағы таңбалар», «Көгілдір арал», «Абсент», «Тарихпен сұхбат», «Сы­нақ», «Жетісу жұлдыздары», «Қалыбайдың бағы», «Жы­­раулар», «Аталар жолымен» сияқты және тағы басқа деректі фильмдер өмірге келді. Сондай-ақ ерен еңбегі үшін «Арман аралы», «Кеншілер әулеті», «Мұқан Төлебаев», «Желден жүйрік» деректі фильмдері үшін Қазақ КСР-нің Мемлекеттік сыйлығын алды. Бұдан бөлек, Октябрь Революциясы, «Отан» және екі мәрте "Құрмет белгісі" ордендерімен марапатталып, «Экран шебері» атағын иеленді.