Қазақ дипломатиясының жаңа дәуірі: Халықаралық аренадағы табыстар мен сын-қатерлер
АСТАНА. KAZINFORM – Қазір мемлекеттің сыртқы саясаты географияға емес, даму қарқынына сүйенеді. Ұлттық, өңірлік және жаһандық мүдделер бір-бірімен тығыз байланыста. Әлем ықшамдалып, алыс жақындай түскен заманда дипломатия мемлекеттің тұрақты дамуы мен қауіпсіздігінің негізгі құралына айналып отыр. Осы орайда Jibek Joly арнасындағы «Жаһан жайы» бағдарламасы қазақ дипломатиясының бүгінгі бағытын сараптады.
Қазақстанның орта держава ретіндегі саяси белсенділігі
Қазақ дипломатиясының стилі ежелден қалыптасқан достық ниет, көршімен татулық секілді ұлттық дәстүрдің терең философиясына негізделген. Бұл – мемлекетаралық қатынастарда сыннан өткен ұстаным. Бүгінде оны ел билігіндегі тәжірибелі дипломат Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа мазмұнмен толықтырып жатыр. Соның нәтижесінде Қазақстан аймақтық деңгейден шығып, орта держава ретінде таныла бастады.
Биылғы сыртқы саясаттағы маңызды жетістіктердің бірі – Еуропалық одақтың қазақстандықтар үшін визалық режимді жеңілдету жөніндегі келіссөздерді бастауы. Азияның бірқатар елдеріне талап қатаңдаған тұста мұндай қадамның жасалуы – Қазақстанға деген сенімнің белгісі.
Ел саясатының нәтижелілігін халықаралық сараптамалық орталықтар да растайды. Германия үкіметіне аналитикалық материалдар әзірлейтін Ғылым және саясат қоры (SWP) Қазақстанды орта держава санатына қосты. Бұл баға елдің көпвекторлы дипломатиясының тиімділігін көрсетеді. Middle power санатына әлемдік экономика мен саясатқа ықпалы бар, алайда әлі ірі держава деңгейіне жетпеген мемлекеттер жатады. Үндістан, Оңтүстік Корея, Түркия, Сауд Арабиясы қатарында Қазақстанның аталуы елдің халықаралық аренадағы орнының нығайғанын білдіреді.
Дипломат, заң ғылымдарының докторы, профессор Намик Алиевтің айтуынша, Қазақстанның басты артықшылығы – тепе-тең саясат ұстануында.
– Қазақстан ірі державалар арасындағы тартыстардан шебер түрде бойын аулақ ұстап, олардың арасында баланс сақтайды. Бұл елдің маңызын арттырады, – дейді профессор.
Шетелдік сапарларда қандай келісімдер жасалды?
Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 20 шетелдік сапары жоспарланған еді. Соның ішінде 12-сі жұмыс, 5-еуі ресми, 2-еуі мемлекеттік және біреуі ТМД басшыларының бейресми кездесуі бар. Үш ірі державаның әрқайсысына Тоқаев екі реттен барды, ең маңызды шаралар күзде өтті.
Қыркүйекте Мемлекет басшысы Қытайға ресми сапармен барып, Шанхай ынтымақтастығы ұйымының саммитіне қатысты. Сапарда Қазақстан жалпы құны 15 млрд доллар болатын 70 келісімге қол қойды. Айта кету керек, бұл – соңғы 30 жылдағы ең табысты келісімдердің бірі, өйткені бұған дейін Қытайдан Қазақстанға салынған инвестиция 27 млрд долларды құраған. Аспанасты елі тек табиғи ресурстармен шектелмей, жол, зауыт және энергетика жобаларын қаржыландыруда.
Одан кейін Президент АҚШ-қа БҰҰ-ның 80 жылдығы саммитіне барды. Қарашада жұмыс сапарымен Вашингтонға ат басын тіреп, Орталық Азия және АҚШ саммитіне қатысты.
Тоқаев-Трамп кездесуі аясында 17 млрд долларға шақталған 29 келісімшартқа қол қойылды. Соның ішінде Қазагромашхолдинг пен John Deere арасындағы ауыл шаруашылығы техникалары өндірісі, сондай-ақ Air Astana компаниясының 18 Boeing ұшағын сатып алуы ерекше назар аударды. Келісімдер бюджетке қосымша салмақ түсірмей, жеке компаниялар арқылы жүзеге асырылғаны тиімділікті арттырды.
АҚШ сапарынан оралысымен Қазақстан Президентінің Ресейге мемлекеттік сапары өтті. Владимир Путинмен кездесуде цифрландыру, өнеркәсіп, гуманитарлық және мәдени байланыстарды нығайту жөнінде уағдаластыққа қол жеткізілді. Сан салалы серіктестікке серпін беретін 13 келісім жасалып, мемлекетаралық қарым-қатынасты стратегиялық серіктестік деңгейіне көтеру туралы декларацияға қол қойылды. Ол екі ел арасындағы сауда көлемін арттыруға және инфрақұрылымдық жобаларды дамытуға тың серпін береді.
Әлемдік қауымдастық Қазақстанға қандай баға берді?
Шетелдік басылымдар үш алпауыт елдегі кездесулер туралы жарыса жазды. Мәселен, Қытайдың «Синьхуа» және CGTN арналары ресми Бейжің сапарын «өте сәтті өткен кездесу» деп сипаттаса, ағылшын тілінде хабар тарататын Global Times қазақ-қытай бизнесмендерінің 8-ші кездесуін «уағдаластық еселенген күн» деп бағалады.
АҚШ-қа жасаған сапар да халықаралық БАҚ-тарда кең талқыланды. Financial Times Қазақстанның уран өндіру саласындағы жетекші рөлін атап өтіп, энергетика бағыты бойынша АҚШ-тың басты серіктесі ретінде бағалады. CNN, AP және E&E News by Politico агенттіктері Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылуын «жаңа әлемдік архитектура жасауға жасалған тарихи қадам» деп атады, Орталық Азиядағы сирек жер металдары бойынша жасалған келісімдерге де ерекше назар аударылды.
Қарашаның ортасында Ресейге жасалған сапар да шетелдік БАҚ назарынан тыс қалмады. The Times of Central Asia Қазақстан мен Ресей арасындағы жаңа деңгейдегі стратегиялық серіктестік күшейгенін айтты.
Ресейлік тарихшы және журналист Леонид Млечин Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделі артып келе жатқанын айтады.
– Алдымен ресейлік журналист ретінде, одан кейін ұзақ жылдан бері Қазақстанның сыртқы саясатын бақылап жүрген адам ретінде айтайын, Президент кездесулері сәтті өтіп жатыр. АҚШ сапары жұртшылық назарын аударды, Трамптың ерекше ілтипатын байқадық.
Қазақстанның сыртқы саясаттағы беделі артып келеді. Себебі Тоқаев кез келген елдің басшысымен сол елдің тілінде сөйлейді. Қытайлық достармен қытай тілінде байланысады, Орталық Азия басшыларының ішінде де Трамппен ағылшынша сөйлескен жалғыз өзі болды. Мұның дипломатиялық қатынаста рөлі зор, – деді Млечин.
Ибраһим келісімін қолдау Иранмен қарым-қатынаста кедергі емес
Қасым-Жомарт Тоқаевтың үш державаға жасаған сапарынан кейін Қазақстанға Иран Президентінің келуі маңызды оқиға болды. Иран – Түркиямен, Әзербайжанмен бәсекелес аймақтық держава бола тұра қазақ билігімен тікелей диалог жүргізді. Бұл - дипломатияның күші.
Еліміздің Ибраһим келісімдерін мойындағанына қарамастан Қазақстан мен ислам әлемінің арасындағы достыққа сызат түсірген жоқ.
Шын мәнінде дипломатияның логикасын алдын ала болжау қиын, бірақ Иранның Қазақстанға сапары символдық мәнге ие. Ел басшысы тарихи қолжазбалардың көшірмелерін алып келді, бұл – қазақ мемлекеттігін ежелден мойындаудың белгісі. Бұған дейін осындай қадамды Қытай жасаған еді.
Сонымен қатар сапардан кейін екі ел арасындағы тауар айналымын 200 млн долларға ұлғайту жоспарланды. Иранның ұзақ жылдар санкцияда болғанына қарамастан, Қазақстан оған санкциялық емес өнімдерді экспорттай алады. Бұл – стратегиялық тұрғыдан үлкен нарық пен экспорттық әлеуетті арттыру мүмкіндігі.
– Қазақстан қарқынды даму кезеңінде тұр және Шығыс пен Батыс, Солтүстік пен Оңтүстік арасындағы маңызды торапқа айналып отыр. Жылдам даму мәдени, ғылыми, көркем және әлеуметтік-саяси өзара іс-қимылды күшейтуге мүмкіндік береді. Егер көлік бағдарларын кеңейтіп, өзара әрекеттесуді тереңдетсек, ел өңірдің мәдени орталығына айналуы мүмкін. Қазақстан, Иран және өңірдің басқа да елдері ілгері шыққан өзге мемлекеттерден еш кем емес деп білемін. Сондықтан бір-бірімізге көмектесе отырып, жетістіктердің нәтижесін көреміз, – деді Иран Ислам Республикасының Президенті Масуд Пезешкиан.
Орталық Азия мен Әзербайжан: жаңа стратегиялық серіктестік
Қазір Қазақстан тек Орталық Азияда емес, Еуропада, Таяу Шығыста және Кавказда да белсенді ойыншыға айналды. Қазақ дипломатиясы биыл жаңа деңгейге шықты деуге болады. Қытаймен, АҚШ-пен жасалған келісімдер, C5+ форматының кеңеюі – соның айқын көрінісі. Орталық Азия құрамына Әзербайжанды қосу туралы бастама америкалық басылымдарда «Қазақстанның ұсынысы» деп жарияланды.
Саясаттанушы ғалым Жәнібек Арынның айтуынша, бұл қазақ дипломатиясының әлемдік деңгейде мойындалғанын көрсетеді.
– Орталық Азияға қызығушылық артты, оның үш негізгі себебі бар. Біріншісі – транзиттік дәліз. Ресейдің соғысынан кейін басқа бағыттарды қарастыру қажеттілігі туындады. Осыған байланысты «орта дәліз» маңызды болып отыр.
Екіншісі – технологиялық және энергетикалық бәсекелестік. Орталық Азияның табиғи ресурстары мен минералдары және энергия өндірісінде қолданылатын материалдары әлемдік державалар үшін аса қажет.
Үшіншісі – геосаяси орналасу. Аймақ Қытаймен, Ресеймен шекаралас және Каспийге жақын орналасқандықтан, тұрақтылық пен тепе-теңдікті сақтау өте маңызды, – дейді Жәнібек Арын.
Ғалымның пікірінше, Әзербайжан үшін екі мәселе маңызды. Ол – түркі әлемімен бірлік пен экономикалық-практикалық мүдде.
– Әзербайжанның көршілерімен қатынасы шиеленіскен. Ресеймен, Армениямен, Иранмен қарым-қатынасы күрделі. Сол себепті Түркі әлемімен бірігіп, саяси, экономикалық және мәдени ынтымақтастықты арттыру идеясы жоғары. Қазақстан арқылы Еуропалық Одаққа шығатын жолдардың көп бөлігі Әзербайжан аймағымен өтеді. Бұл энергетика, көлік инфрақұрылымы, логистика үшін стратегиялық маңызға ие, – дейді Жәнібек Арын.
Ғалым су мәселесін де басты фактор ретінде атап өтті. Бұрынғы шекаралық келіспеушіліктер шешілгенімен, Тоқтоғұл су қоймасының төмен деңгейі және Ауғанстандағы каналдар аймақтық су балансы үшін күрделі проблема болып қала береді.
– Қырғызстанмен бізде су мен энергияны алмастыру механизмі бар. Керек кезде Қазақстанға су береді, біз энергиямен жауап береміз. Бірақ ұзақ мерзімді тұрақтылық үшін су ресурстарын үнемдеу және әділ бөлісу жүйесін жасау маңызды. Су мәселесі – болашақ қақтығыстардың алдын алатын тақырыптардың бірі, – деп түсіндірді ол.
Келер жылға болжам: әлем қалай өзгереді?
Жаһандағы тұрақсыздыққа қарамастан, Қазақстан биылғы жылды халықаралық қатынастарды нығайту, инвестиция тарту және Орталық Азиядағы беделін арттыру сияқты маңызды жетістіктермен қорытындылады. Дегенмен, 2026 жылға нақты болжам жасау қиын.
Саяси сарапшы Жұмабек Сарабеков алдағы жылдағы ықтимал сценарийлерді бөлісті.
– Әлемдегі геосаясат сағат сайын өзгеріп жатыр. Дегенмен бірнеше басты трендті атап өтуге болады. Біріншісі – Ресей мен Украина арасындағы дағдарыс. Жыл соңына қарай келісімге келу мүмкіндігі бар деген болжам айтылуда, бірақ оған сенбеймін, себебі түпкі себептер әлі шешілмеген. Сондықтан әскери іс-қимылдар мен бейбіт келіссөздер 2026 жылдың мазмұнын анықтайды. Екінші тренд – АҚШ-тағы сайлау. Егер республикалық партия жеңілсе, бұл АҚШ-та саяси тұрақсыздықты күшейтіп, сыртқы саясатты жүргізуді қиындатады. Үшінші маңызды мәселе – АҚШ пен Қытай арасындағы экономикалық бәсекелестік, – дейді сарапшы.
Сондай-ақ, Таяу Шығыстағы қақтығыстар әлеуеті жоғары.
– Иран мен Израиль арасындағы дағдарыс толықтай шешілмеді, жаңа қақтығыстар пайда болуы мүмкін. ХАМАС пен Израиль арасындағы келісім қалай жұмыс істейтіні белгісіз, – дейді Сарабеков.
Экономика тұрғысынан да 2026 жыл сұрақтарға толы.
– 2025 жылы әлемдік экономика рецессияға кетпесе де, өсімі әлсіз – шамамен 3%. Еуроаймақтың экономикасы рецессия шегінде тұр. Егер Еуропа немесе Қытайдың экономикалық жағдайы нашарласа, бұл Қазақстанның экспорттық сұранысына әсер етеді. Ең басты фактор – инфляция. Қазақстан импортқа тәуелді, ал санкциялық және тарифтік қақтығыстар тауар бағасын көтеруі мүмкін. Сонымен қатар келер жылдан бастап елімізде салық реформасы іске қосылады, – дейді Сарабеков.
Сарапшы Қазақстан үшін экономикалық дипломатияның маңызын ерекше атап өтті. 1990 жылдардан бері Қазақстанға 400 млрд доллар инвестиция тартылған. Көрсеткіш бойынша тек Орталық Азияда емес, посткеңестік елдер арасында да алдамыз.
– Осы қарқынды, инвестициялық белсенділікті сақтау үшін дипломаттар мен жергілікті органдар үйлесімді жұмыс істеу қажет, – деді сарапшы.
P.S. Әлемдік беделді басылымдардың бірі The Economist жылдағы дәстүр бойынша мұқабасында 2026 жылға арналған визуалдық картасын жариялады. Карикатура метафоралық түрде алдағы 12 айдағы саяси сценарийлерді, экономикалық тәуекелдерді, технологиялық даму бағыттарын және мүдделік қақтығыстарды бейнелейді. Бұл – жаһандық саяси сын-қатерлердің символдық көрінісі.
Суретте әлем жұртшылығының назарын өзіне ең көп аударатын көшбасшылар – Владимир Зеленский, Дональд Трамп, Си Цзиньпин, Нарендра Моди және Биньямин Нетаньяху бейнеленген. Сондай-ақ карикатурадағы «250» саны АҚШ Тәуелсіздік декларациясының мерейтойын ғана емес, елдегі ықтимал саяси тұрақсыздықты да меңзейді. Барлық элемент футбол добының ішіне орналастырылған. Себебі 2026 жылы футболдан әлем чемпионаты өтеді.
Сарапшылар мұны жаһандық сценарийлерді түсінудің қосымша кілті ретінде қарастырып отыр.