"Былтырғы 2013 жыл рухани әлемде, мәдениетiмiзде тұтастай Фариза жылы болып аталды. "Бiр ел - бiр кiтап" шарасының жетiншi жылында қалауымыз Фариза апамыздың поэзиясына түсiп едi. Жыл бойы күллi кiтапханаларда, мектептерде соның аясында 2 мыңға жуық үлкен iс-шаралар өткен. Оған миллионға жуық оқырман қатысқан. Бұл халқымыздың Фариза поэзиясын қаншалықты сүйетiнiн көрсетедi. Кешелi-бүгiн мына жиналған халықтың көптігін қарасаңыз, бұның өзi де не деген сүйiспеншiлiкке бөленген адам деп ойлайсыз. Қазақтың асыл қызын, поэзиямыздың патшайымын қазiр шығарып салғалы отырмыз. Қазақ барда, қазақ елi барда Фаризаның аты да ұмытылмайды, поэзиясы да ұмытылмайды", - деп түйдi сөзiн Ә. Асқаров. Айта кетейiк, бүгiн Астанада қазақ халқы өзінің аяулы ақыны, қайраткер қызы Фариза Оңғарсыновамен қоштасуда. Аяулы ақын апамызды ақтық сапарға шығарып салуға ҚР Премьер-Министрi Серiк Ахметов, ҚР Парламентi Сенатының спикерi Қасым-Жомарт Тоқаев, вице-премьер Гүлшара Әбдiхалықова, Астана әкiмi Иманғали Тасмағамбетов, ҚР Мәдениет және ақпарат министрi Мұхтар Құл-Мұхаммед, ҚР Парламентi депутаттары, елiмiздiң көрнектi мәдениет және өнер қайраткерлерi, жазушылар, ақындар және мыңға тарта Астана жұрты келдi.
12:00, 27 Қаңтар 2014
Қазақ елi барда Фаризаның аты да, поэзиясы да ұмытылмайды - жазушы Әлiбек Асқаров
АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - Қазақ барда, қазақ елi барда Фаризаның аты да ұмытылмайды, поэзиясы да ұмытылмайды, дейдi жазушы, Мемлекеттiк сыйлықтың лауреаты Әлiбек Асқаров Астанада Фариза Оңғарсынованы ақтық сапарға шығарып салу рәсiмi кезiнде. "Ол турашыл, мiнезi тiк, бетiңе тура айтып салатын қайратты адам едi", - деп еске алады жазушы.