Қазақ елі биыл астық экспортына шектеу енгізбейді

АСТАНА. 23 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ елі биыл астық экспортына шектеу енгізбейді. Бұл туралы бүгін елордада басталған 6-шы қазақстандық «KAZGRAIN-2012» астық форумында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қырымбек Көшербаев айтты.

Астық саласы Қазақстан экономикасының стратегиялық салаларының бірі екендігін айта келе ол: «Астық экспортына шектеу қою бойынша шараларды қарастырып отырған жоқпыз», - деді.

Оның айтуынша, соңғы  5 жылдың ішінде астық өндірудің орташа жылдық көлемі 19 млн. тоннадан астамды құрап, өткен  бесжылдықпен салыстырғанда 30 пайызға өсім көрсеткен. Сонымен қатар еліміздің ұнды экспорттау көлемі де 60 пайызға артқан.

«Бұл бізге әлемдік нарықтағы астық жеткізушілердің үздік ондығына, ал ұн экспорты бойынша әлемдегі көшбасшылық орынды сақтауымызға мүмкіндік берді. Тұрақты астық түсімі және қазақстандық бидайдың жоғары сапалы сипаттамасы Қазақстанның астық пен ұнды экспорттаушы жетекші елдердің қатарынан көрінуіне мүмкіндік береді. Біздің астықты әлемнің 70-тен астам елі сатып алады. Қазақстандық астықтың импорты арқасында Орталық Азияның, Кавказ маңының бірқатар елдері азық-түлікпен қамтамасыз ету  проблемасын шешуге мүмкіндік алды», - деді Қ.Көшербаев.