Қазақ елі Қырғызстанға 200 мың тонна астық береді - А.Атамбаев

БІШКЕК. 22 тамыз. ҚазАқпарат - Қазақстан Қырғызстанға 200 мың тонна астық береді. Бұл туралы бүгін Қырғызстан Президенті Алмазбек Атамбаев Қазақстан мен Қырғызстан Жоғары мемлекетаралық кеңесінің үшінші отырысында айтты.

Қазақ пен қырғыз бауырлас әрі көршілес халық екенін атап өткен А.Атамбаев: «Әрине, менің ойымша, Нұрсұлтан Әбішұлының біздің қарым қатынастарымызды жаңа, белсенді, жемісті ынтымақтастық деңгейге жеткізу керек деуі түбегейлі дұрыс», - деді.

Осыдан кейін шағын құрамдағы кездесуде көтерілген мәселелерге тоқталған Қырғызстан Президенті: «Қазіргі уақытта біз үшін азық-түлік мәселесі өзекті. Біз Қазақстан Қырғызстанға 200 мың тонна астықты ақшасын бөліп төлеу арқылы жеткізетіндігіне уағдаластық. Газ жеткізу және басқа да мәселелер көтерілді. Бұл тұрғыдан айтар болсам, біз әр уақытта да Қазақстанның, Қазақстан Президентінің қолдауын сезініп келеміз», - деді.

Сондай-ақ А.Атамбаев өз сөзінде  Қырғызстанның  Қазақ елі алдында орындауы тиісті уағдаластықтарды дер уақытында атқармайтындығына өкінетіндігін жеткізді.

«Әрине, Қазақстанның Президент таңдауда жолы болған. Біз Қазақстанның осы 20 жылдың ішінде қандай жоғары жетістіктерге қол жеткізгендігін көріп отырмыз», - деді А.Атамбаев.