Мәдени кешеннің 91 метрлік биіктігі Қазақстан тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жылды білдіреді. Оның жоғарғы жағында - қазақстандықтардың бұдан ары дамуына және гүлденуіне ұмтылысын білдіретін - Самұрық құсы, ал іргесінде қазақ жері мен қазақ халқының кешегі, бүгінгі және жарқын келешегі жайында сыр шертетін төрт бедербейне көрсетілген.
Монументтің алып жатқан жалпы аумағы 5 гектар, ал оған қосымша жанасып жатқан жердің көлемі 11 гектарды құрайды. Аумақ елдегі ұлтаралық татулықты, ниеттердің тазалығын көрсету үшін толығымен ақ мәрмәрмен көмкерілген.
Бедербейнелік композицияның қақ ортасында Қазақстан тәуелсіздігінің символы, оның Бірінші Президенті Н.Назарбаевтың Конституцияның үстіне қолын қойып, ант беріп тұрған сәті және халық көрсетілген. «Халық және Президент» деп аталатын бұл бедербейне - тәуелсіз, демократиялық елімізде заңның үстемдік құратынын айғақтайды.
Монументтің оң жағына салынған «Қаһармандық» бедербейнесінде - Отанын қорғаған қазақ халқының ерліктерін, айбынды күш-жігерін, жауынгерлер мен сарбаздардың ат үстіндегі жорықтарын көруге болады.
Батыс жақ бетте орналастырылған «Жасампаздық» бедербейнесінде халқымыздың көшпелі дәуірден ғарышқа ұшқанға дейінгі жолы суреттелген. Ол металлург пен мұнайшының, инженер мен диқаншы, құрылысшы мен ғарышкердің бейнелері арқылы мемлекеттің қуатын көрсетуге ұмтылған.
Шығыс жағында орналасқан «Болашақ» бедербейнесі - тәуелсіз елде өсіп, өз тағдырларын өздері жасап, ғылымда, мәдениетте, спортта үлкен жетістіктерге жетіп келе жатқан қазақстандық жастардың көңілді шақтары нақышталған.
Композиция идеясының негізгі түйіні «Мыңжылдық» аллеясының бастапқы нүктесіне қоладан құйылып орнатылған «Бірлік» көпбейнелі мүсіндік тобында жасалған. Мұнда - ауызбіршілікті сақтай отырып, өз тәуелсіздіктерін қорғап қалуға, уақыттың қиын-қыстау кезеңдерін жеңуге дайын батыл да, рухани мықты халықтың шаттанған күйі көрсетілген.