Қазақ елі сайлау арқылы жаһандық дағдарысқа мейлінше мән беріп отырғанын көрсетті - Н. Джафаров

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақ елі сайлау арқылы жаһандық дағдарысқа мейлінше мән беріп отырғанын көрсетті. Бүгін Парламент Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының сайлауына арналған брифингте халықаралық байқаушы, Әзербайжан Милли Меджилис депутаты Низами Джафаров осылай мәлім етті.

«Біз байқаушылық жасаған ТүркПА миссиясы Қазақстандағы сайлау үдерісіне өте қанағаттанушылық танытады. Бізге сайлаудың барысына қатысты алдын ала мәліметтермен танысуға үлкен жағдайлар жасалды. Соның арқасында кезектен тыс сайлаудың өту философиясын да зерделеуге мүмкіндік алдық. Өйткені, қазір әлемде де, қазақстанда да экономикалық, саяси күрделі мәселелер орын алуда. Осы тұрғыдан алғанда Қазақ елі сайлау арқылы осынау жаһандық үдеріске мейлінше мән беріп отырғанын танытты. Бұл Қазақстанның әрқашан алда болу идеясын білдіреді», - деді Н. Джафаров.

Сонымен қатар, Қазақстанның тәуелсіздігіне 25 жыл толғанын айта келе, сарапшы осы жылдар ішінде еліміз жан-жақты тәжірибе жинақтағанын, соның ішінде сайлау өткізу үдерісінде де үлкен тәжірибеге ие болғанын атап өтті.

«Біз байқаған учаскелердің бәрі жоғары халықаралық деңгейге сай болды. Бұл үшін қызығамыз. Енді осы сайлаудың нәтижесі Қазақстанның өркендеуі үшін жағымды болатынына сенемін», - деді Әзербайжан депутаты.