Қазақ елі шахматтан әлем чемпионатын тағы да өткізуге ниетті

АСТАНА. 10 шілде. ҚазАқпарат - Қазақ елі шахматтан әлем чемпионатын тағы да өткізуге ниетті. Бұл туралы бүгін елордада аяқталған жедел шахматтан және блицтен әлем чемпионатының қорытынды баяпасөз мәслихатында ҚР Шахмат федерациясының

 президенті, Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев айтты.

«Біз Қазақстанда ірі турнирлерді тұрақты өткізіп отыруды жоспарлаудамыз. Өйткені бұл біздің шахматшыларымыздың осындай турнирлерге бой үйретуіне мүмкіндік береді. Сондықтан да біз FIDЕ-мен келіссөздер жүргізіп, келесі әлем чемпионатын өткізу мәселесін талқылаудамыз», - деді ол.

Сонымен қатар Ә.Исекешев келесі әлем чемпионатын өткізу күнін айтуға әлі ерте екендігін айтып, уақыты келгенде жария етуге уәде берді.

Айта кетейік, 2-10 шілде күндері Астанада өткен жедел шахмат (рапид) және блиц бойынша әлем чемпионатының жүлде  қоры 400 мың АҚШ долларын құрамақ. Турнирге шахмат әлеміндегі танымал 16 гроссмейстер қатысты. Олардың қатарында Магнус Карлсен, Сергей Карякин, Борис Гельфанд, Веселин Топалов, Василий Иванчук, Теймур Раджабов, Александр Грищук сынды майталман ойыншылар болды. Қазақстан намысын рапид бойынша Мұртас Қажғалиев және Әнуар Ісмағамбетов, блиц бойынша Павел Коцур және Ринат Жұмабаев қорғады.

Қала күні аясында өткен шараны ұйымдастырушылар - Астана қаласы әкімшілігінің, ҚР Спорт және дене шынықтыру істері агенттігінің, Мәдениет және ақпарат министрілігің қолдауымен Қазақстан Республикасының шахмат федерациясы және FIDЕ халықаралық шахмат федерациясы.