«Қазақ елімен» танысатын күн алыс емес» - баспасөзге шолу

АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 8 қыркүйек, сейсенбi күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.

***

«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, Степногор қаласындағы №2 индустриялық-техникалық колледжінің түлегі Әділет Текежанов Бразилияның Сан-Паулу қаласында өткен 43-ші «WorldSkills Competition» халықаралық кәсіби шеберлік байқауының жеңімпазы атанды. Қазақстан Республикасы ұлттық құрамасындағы ол «Токарьлық іс» атауында алдына жан салмады. Бұл айтулы жарысқа 70 елдің жұмысшы ма­ман­дығын игерген таңдаулы жастары қа­тысты. Қазақстан командасы мұндай жа­рысқа тұңғыш рет жолдама алған еді. Халықаралық байқауға еліміздің 15 облысынан, Астана және Алматы қалаларынан алдын ала іріктеу жарыстары өткізілген болатын. Мұнда үміткерлер кірпіш қалау, әрлендіру, темір жону, дәнекерлеу, мейрамхана қызметі, шаштараздық өнер, тағы басқа мамандықтар бойынша сынға түсті. Облыс әкімі Сергей Кулагин өз ісінің ше­бері атанған Ә.Текежановты жоғары табысымен құттықтап, бағалы сыйлық тапсырды. - Алыстағы Бразилиядағы конкурста өз еліңді сүюдің, оның абыройын әлемдік дең­гейде қорғаудың не екенін мықтап сезіндім, - деді Ә.Текежанов жауап сөзінде. Бұл материал « Бразилиядан жеткен қуаныш » деген тақырыппен жарияланды.

Бас басылымда « Ойнаймын деп от басты » деген материал берілген. Тау халықтарында үйлену ке­зінде аспанға қаратып мылтық ататын дәстүрі бар. Сайрам ауданы Ман­кент селосындағы үйленген жастар мінген кортеж аулаға жа­қындағанда күйеу жігіттің досы ерекше құрмет көрсетпек болады. Машинаның терезесінен қосауыз шығарып аспанға атады. Екіншісін атқанда мылтығына ие бола алмай, күтіп тұрған топқа бағыттаған. Бытыра автомашина жүргізу­шісінің бетін жаралап, 23 және 26 жастағы әйелге және жас балаларға тиеді. Екі жасар бала бар ауруханаға ауыр халде түскен бесеудің ішінен екі әйел қайтыс болды. Елден безіп қашып кеткен қылмыскер арада бір күн өткен соң полицияның қолына өзі берілді. Енді оның үстінен ҚР ҚК 99-бабы «Адам өлтіру» бойынша тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Өрімдей жас жігіт досына сый көрсетем деп жүріп, осылайша от басты.

***

«Айқын» газетінің жазуынша, Алматыдағы Ұлттық баспасөз клубында «САҚ» киностудиясының «Қазақ елі» атты толықметражды анимациялық фильмінің жұмыс барысына арналған баспасөз мәслихаты өтті. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай арнайы түсіріліп отырған балаларға арналған «Қазақ елі» анимациялық фильмін түсіру «Сақ» киностудиясына жүктелуі де кездейсоқтық емес.

Анимациялық фильмде оқиға же­лісі Керей мен Жәнібектің бала­лық шағынан басталады. Оқиға олар­дың ер жетіп, ел басқарып, Қа­зақ хандығын құрғанға дейінгі ара­лықты қамтыған. Мультфильмді тү­сіру­дегі мақ­сат не? Қазақтың кіш­­­кен­тай көрермендерінің танымына лайық сүбелі дүниелер ұсыну. Бұл әсіресе, қазақ хандығына келгенде алдыңғы кезекте тұрған мәселелердің бірі еді. «Сақ» киностудиясы бұл мәселенің шешімін тапқан секілді. Мультфильм балалардың Керей мен Жәнібектей ба­тыр­лардың қазақ хандығын қалай құрғанын біліп, соларға еліктеуге, өз елі­нің патриоты болуына негіз бол­мақ.

Фильм желісінде Жәнібек пен Ке­рейдің ұстазы болған Қарт батыр­дың оларға садақ ату, қылыштасу, атпен шабу, сол секілді жауынгерлік өнер­дің түрлі тәсілдерін үйретуі кеңі­­нен көрсетіледі. Кейін ел бас­қару­да білімнің де маңызы зор еке­нін ұстазынан ұғынған Керей мен Жә­нібектің Отырар қаласына ат­тануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұ­лама ұстаздардан түрлі дәрістер алып, елге оралғанда түрлі ерліктері­мен көзге түсе бастауы да енгізілген. Бұл жайында «Қазақ елімен» танысатын күн алыс емес » атты материалдан толық оқи аласыздар.

Осы басылымда «Қашанғы Министрлік сақтандырады?» деген мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақстанда 2017 жылдан бастап, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі ендірілетін болды. Ол 2024 жылға дейін кезең-кезеңмен қалыптастырылады. Кеше Мәжілісте «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» және оған ілеспе - қос заңның тұсауы кесілді. Оған сәйкес, әлеуметтік осал топтарды - мемлекет, қызметкерлер мен жұмысшыларды жұмыс беруші «медициналық» қорғауға алатын болады. Жұмыс істейтін азаматтардың жалақысынан да келешекте 2 пайыз қаржы осы сала үшін қосымша ұсталады. Жаңа заң жобасына сәйкес, азамат­тарға медициналық қызметтің 2 пакеті ұсынылады: біріншісі - республикалық бюджеттен қаржыландырылады және медициналық көмектің мемлекет кепіл­дендірген көлемін ұсынатын базалық пакет болып табылады. Ол Қазақстан­ның барша азаматтарына арналған. Пакеттің құрамына «жедел жәрдем қыз­меті» және «санитарлық авиация», «әлеуметтік маңызды ауруларға ду­шар болғанда, сондай-ақ шұғыл жағ­дайларда көрсетілетін медициналық көмек», «профилактикалық екпе» кі­реді. Бұларды қазір қазақстандықтар онсыз да тегін пайдаланады.

***

«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Байқоңыр балалары қазақша оқиды!» атты мақала жарияланды. Осы күні білім ордаларында жаңа оқу жылы басталды. Қазақ елінің түкпір-түкпірінде алғашқы қоңырау соғылып, салтанатты жиын өтті. Мектептер мен колледждерде алғашқы сабақ патриотыққа, отансүйгіштікке арналды. Ол - «Ерлік сабағы» деп аталды. Сабақтың бұлай аталуы да жайдан-жай емес. Өйткені биыл Қазақ хандығына 550 жыл, 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысына 70 жыл толып отыр. Әскери-патроиоттық тәрбиені кешенді жүргізу, оны мектеп оқушылары арасында кеңінен насихаттау әрі жас ұрпақтың бойына сіңіру уақыт талабы екені анық.

Биыл бірінші сыныпқа барған балғындар Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ерекше сыйлығына ие болды. Ол - «Менің Отаным - Қазақстан» деген кітап. Мемлекет бас­­шысы кітаптағы құтықтауында былай дейді: «Қымбатты жас дос! Сен жаңа белеске қадам бастың, мектепке келдің, оқушы болдың. Бұл сен үшін үлкен мереке. Ал мерекеде сыйлық беріледі. Бұл кітап - менің саған жасаған сыйлығым! Мектепте сені қызықты жаңалықтар мен ғажайып уақиғалар күтіп отыр. Қазақстан - біздің Отанымыз. Өз Отаныңның тарихы мен мәдениеті, ана тіліңді білуің керек. Бұған алғашқы ұстазың мен оқулықтарың, осы кітабың көмектеседі. Қазақ­станның болашағы жарқын. Бұған достарыңмен бірге сен де өз үлесіңді қосасың. Білім әлеміне саяхатың сәтті болсын!». «Аталған оқулық жас бүлдіршін­дерге арналған тамаша тарту. Бірінші сынып оқушысы туған елі, сондай-ақ өңірлер туралы деректерге қаныға алады. Мұның бәрі баланың атамекенін, Отанын құрметтеп өсуге көмегі тиері анық», -деп жазады басылым.