Қазақ елін шарпыған аштық большевиктер жүргізген саясаттың объективті нәтижесі - тарихшы пікірі

АСТАНА. 1 маусым. ҚазАқпарат - Қазақ елін шарпыған аштық большевиктер жүргізген саясаттың объективті нәтижесі.

Бұл пікірді бүгін елордада өткен «Қазақстандағы ашаршылық: халық трагедиясы және тарих сабақтары» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция аясында ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Ш.Уәлиханов атындағы Этнология институтының директоры Хангелді Әбжанов білдірді.

«Аштық, біріншіден большевиктер жүргізген аграрлық-кадрлық саясаттың объективті нәтижесі. Екіншіден, Қазақстандағы аштықтың субъективті себебі бар. Ол Голошекиннің қызметімен байланысты», - деді ол.

Тарихшының айтуынша, кейбіреулер Голошекиннің солақай қызметінен, асыра сілтеуінен Қазақстандағы аштық қолдан ұйымдастырылды деген жаңсақ пікірге бой алдырып жүр.

«Шындығында бұл қолдан ұйымдастырылған жоқ. Большевиктердің жүргізген саясатының объективті нәтижесі. Екіншіден сол саясатты асыра сілтеп атқарған Голошекиннің қызметінің субъективті салдары», - деді Х.Әбжанов.